Қызылордада жекеменшік балабақша тәрбиешілерінің салғырттығына қатысты тағы бір жанжал шықты. Екі жасқа толмаған бүлдіршін ясли тобында денесінің 30 пайызын күйік шалып, бір айға жуық ауруханада жатты. Қыздың ата-анасы әлі күнге дейін оның қандай жағдайда жарақаттанғанын білмейді, олар ресми нұсқаға сенбейді, ал бүлдіршіннің өзі шындықты айта алмайды, себебі жасы тым кішкентай. Қызының жағдайына наразы болған анасы балабақшаны тексеруді талап етті. Нәтижесінде бұл мекемеде көптеген заңбұзушылық анықталды, соның ішінде ясли тобын ұстауға рұқсат болмағаны белгілі болды.
Енді бүлдіршіннің отбасы бір сұраққа жауап таба алмай отыр. Елімізде жекеменшік балабақшаларды кім және қалай бақылап отыр? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.
ШОК ЖАҒДАЙ
Биыл 22 мамырда болған оқиғаны Айнұр Айдарбекова қорқынышпен еске алады. Оның айтуынша, сол күні шамамен сағат 16:00-де жекеменшік «Сыр болашағы» балабақшасынан телефон соғылған. Сол жерде оның бір жарым жастағы қызы Еркежан болатын. Тұтқаның арғы жағындағы адам: «Қызыңыз Еркежан ауырып қалды. Үйге алып кете аласыз ба?» деп қысқа қайырған. Анасы бірден такси шақыртады.
– Жолда келе жатып, өзім оларға қайта хабарластым, жедел жәрдем шақырдыңдар ма деп сұрадым, – деп еске алады әйел.
Сөйтсе, жедел жәрдем шақырылмаған екен. Өйткені «балабақшаға жедел жәрдем шақыру – мекеме беделіне нұқсан» деген түсінік бар көрінеді.
– Мен айқайлай бастадым. Сол кезде ғана жедел жәрдем шақырды. Бірақ мен жеткенше, шамамен 20-25 минут өткенде де дәрігерлер әлі келмеген еді. Олар кейінірек келді, – дейді Айнұра.
Анасының айтуынша, бала шок жағдайында болған, жыламаған, тек дірілдеп тұрған. Облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген Еркежанға дәрігерлер денесінің 30-40 пайызы күйіп қалғанын анықтаған.
– Қабылдау бөлімінде оған қан қысымын, сатурацияны өлшеп жатты, барлық көрсеткіш аса қауіпті деңгейде болды. Қан қысымы 58, сатурациясы төмен. Еркежанды бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың шок жағдайы кемінде 1–2 дәрежеде екенін айтты. Қандай болжам бар деп сұрағанда, олар: «Тек бірінші түннен аман өтсе екен», – деді.
Еркежан жансақтау бөлімінде үш күн жатты. Кейін тағы 22 күнді жалпы палатада өткізді.
– Сол уақыт ішінде балаға бес рет наркоз берілді. Себебі таңғышты ауыстыру кезінде оның ұйықтамай жатуы мүмкін емес еді, – дейді Айнұра.
– Бізге қан құйды, альбумин салды. Соның арқасында жаралар тез жазыла бастады. Ал бастапқыда дәрігерлер дененің екі бөлігіне тері трансплантациясын жасау керек деген болатын.
«ӨЗІ КІНӘЛІ МЕ?»
Сол сәтте қыздың анасы болған жағдайға кім кінәлі екенін ойлай алмады. Ал балабақша әкімшілігі қызметкерлерінің салғырттығынан зардап шеккен бүлдіршіннің жағдайын білуге асықпаған.
– Еркежанға тек тәрбиеші мен күтуші ғана келді, ал балабақша иесі 20-күні ғана көрінді, – деп ашынады қыздың анасы.
– Дәл шығатын күні келіп, ойыншықтар мен қорапқа салынған шырын әкеліпті. Мен: «Бізде бәрі бар, ештеңе қажет емес», – дедім. Бірақ ол қолыма бір пакет ұстатып кетті. Бөлімшеге қайта оралғанда пакетті ашсам, ішінен ақша шықты. Мен ол ақшаны қайтарып беріп: «Маған сіздің көмегіңіз керек емес. Ертең сот не шешсе, соған сәйкес жауап бересіз», – дедім.
Айнұрдың айтуынша, балабақша қызметкерлерінің ресми нұсқасында бүлдіршін жуыну кезінде ыстық су кранын өзі ашып жібергені айтылған.
– Сөздеріне қарағанда, олар Еркежанды шомылдырмақ болған. Тәрбиеші баланы балалар раковинасының үстінде көтеріп тұрған, ал күтуші шелекпен су құйып тұрған. Сол сәтте Еркежан өзі шүмекті ашып жіберіпті-мыс, содан ыстық су атқылаған.
Алайда бұл нұсқамен қыздың туыстары үзілді-кесілді келіспейді.
– Ол раковинаға өзі сыймайды да! Қалайша солай күйіп қалуы мүмкін? Егер екі аяғының табаны, не аздап бір аяғы күйсе түсінуге болар еді. Бірақ іш, шынтақ, аяқтың толық бөлігі күйген! Сол жақ аяғы, алды, арты, жаны түгел күйген. Іші, белі, жыныс мүшелері... Бұл жай ғана жазатайым оқиға емес! – дейді ашынған ана.
Анасының айтуынша, ол балабақша қызметкерлеріне шындықты айтып беруді бірнеше рет ұсынған.
– «Келіңіздер, қалай болғанын айтып беріңіздер. Егер мойындасаңыздар – тіпті арыз да жазбаймын» деп айттым, – дейді ол.
Алайда ешкім кінәсін мойындамапты.
ТЕКСЕРІС НЕ КӨРСЕТТІ?
– Мен барлық мемлекеттік органдарға жүгіндім, Президент әкімшілігіне, оқу-ағарту министрлігіне, бас прокуратураға, еңбек инспекциясына, – деп тізбектейді Айнұр.
– Тіпті жергілікті білім бөліміне де қоңырау шалдым, бірақ ол жақта ешкім жауап бермеді. Тек министр Ғани Бейсембаевқа хат жолдаған соң ғана телефон шалынып, «Тексеріс жүргіземіз» деді.
Оның айтуынша, шенеуніктер шара қолданбаған, тіпті жауапкершілікті қыздың отбасына жүктеуге тырысқан.
– Маған: «Неге өзіңіз балабақшаны тексермедіңіз? Құжаттарын қарамадыңыз ба?» деді. Онда олар не үшін өз орындарында отыр? Олардың жұмысы – аналарға ақыл айту емес, бақылау жүргізу! – деп ашуланады әйел.
Бұл уақытта Қызылорда облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғанова қыздың анасының шағымынан кейін «Сыр болашағы» балабақшасына тексерушілерді жіберді. Нәтижесінде онда жүйелі заңбұзушылықтар анықталды. Балабақша үш жасқа толмаған балаларды заңсыз қабылдағаны анықталған. Лицензия тек үш жасқа толған балаларды ғана қабылдауға мүмкіндік берсе де, бұл мекемеде ясли тобы жұмыс істеп келген.
Санитарлық тораптар талапқа сай жабдықталмаған, 75 балаға небәрі үш унитаз бен үш раковина қарастырылған. Ереже бойынша, әр 10 балаға кемінде бір жиынтық санитарлық құрал-жабдық қажет. Медициналық кабинет бос тұрған, ішінде раковина да, таразы да, алғашқы көмек қобдишасы да, тиісті құрал-жабдықтардың ешқайсысы болмаған. Асханадан жарамдылық мерзімі өткен манка жармасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатсыз тыйым салынған шұжықтар табылған. Ұйықтайтын бөлмелерде 25 баладан екі қабатты төсекте жатқан, алайда әр балаға арналған аумақ 1,8 шаршы метрден де аз болған. Тәрбиешілердің жартысында медициналық кітапша мүлде болмаған.
Тексеру қорытындысы қатаң болды: мектепке дейінгі тәрбие берудің мемлекеттік стандарты өрескел бұзылғандықтан, балабақшаның жұмысын тоқтату ұсынылды. Ең қызығы барлық заңбұзушылыққа қарамастан, балабақша әлі де жұмыс істеп жатыр. Айнұр Айдарбекованың пікірінше, жүйе жекеменшік балабақшаларды қорғаштап отыр.
– Оларға қомақты дотациялар беріледі, ал тексеруге «құқығымыз жоқ, өйткені олар жеке кәсіпкер» дейді. Мен СЭС-ке жүгінгенімде: «Қызыңыздың дәл осы балабақшада күйіп қалғанын дәлелдеп беріңіз» деді, – дейді анасы.
АЛҒАШҚЫ ЖАҒДАЙ ЕМЕС
Айта кетейік, Еркежанның жағдайы – елдегі алғашқы оқиға емес. Соңғы екі жылда Қазақстанның әр аймағында бірнеше төтенше жағдай тіркелген.
Павлодарда екі жасқа толмаған қыздың балалардың ұйықтауға арналған уақытынан кейін бетінен гематомалар табылды. Балабақша мұны «құлап қалды» деп түсіндірген. Қарағандыда бала тәрбиеші қалдырып кеткен хлорлы суды ішіп, өңеші екінші дәрежелі күйікке шалдықты. Ақтөбеде ата-аналар бейнебақылау жазбаларын көріп, балалардың жерде, тіпті біреуі дәлізде, күртешелердің арасында ұйықтап жатқанын анықтаған. Тексеру кезінде шкафтан жәндіктермен жабылған дәрілер табылған. Алматы облысында бір қыздың денесінен көптеген қанды тістелген іздер байқалған. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Дина Таңсәрі: «Бұл баланың тістері емес. Бұл – азаптау», – деп мәлімдеді.
Еркежанның анасының айтуынша, бастапқыда қызының күйік шалғанына қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК 140-бабы бойынша (абайсыздық) қозғалған. Алайда кейін олар істі 141-бапқа (немқұрайлылық) қайта саралауға қол жеткізген.
– Бастапқыда олар бізге «денсаулыққа орташа зиян келді» деп қорытынды берген. Мен оларға ашуланып, арыз жаздым. Кейін біз сот-медициналық сараптамадан өттік, сонда ғана «ауыр зиян келтірілген» деген шешім шықты. Тек содан кейін ғана іс 141-бапқа қайта сараланды, – дейді Айнұра.
Оның айтуынша, қазір Еркежан жағдайлық комиссиядан өткен, енді туыстары оның қорытындысын күтіп отыр.
– Яғни, сол тәрбиеші мен күтуші мамандар сарапшыларға баланы қалай шомылдырғанын көрсетуі керек. Сарапшы енді баланың раковинаға сыйып-сыймайтынын, дәл сол жерде мұндай күйік алуы мүмкін бе екенін анықтайды. Комиссия шешімі шыққан соң, іс жабылып, сотқа жіберілуі мүмкін.
P.S.
Еркежанға ұзақ уақытқа созылатын оңалту, денсаулығына тұрақты бақылау және бірнеше жылдан кейін пластикалық ота жасалуы керек.
– Біз бөлімшеде жатқанда, 10 бала болды, олардың тоғызы күйікті үйде алған, ал біз ғана балабақшада. Мәселе балабақша иелерінің кінәні мойындамауында, оларға бәрібір. Келе салады, беті бүлк етпестен «ақшасын» ұсынып кетеді. Болды. Ал заң қайда? Егер біз бұл жағдайды үнсіз қалдырсақ, ертең тағы бір бала күйіп қалады. Ал арты өліммен аяқталса ше?, дейді Айнұр.
Біз бұған дейін де бұл оқиға жайлы жазғанбыз. Мемлекеттік органдар мектепке дейінгі мекемеге кешенді тексеріс жүргізуге уәде берген. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жекеменшік балабақшаны жабуды ұсынған. Алайда жылдар бойы заңбұзушылықтарды байқамаған және оларды түзетуді талап етпеген жүйе сол күйі өзгеріссіз қалуда. Ең сорақысы – бұл жүйеге деген сенімді қалпына келтіру, бәлкім, кішкентай Еркежанның денсаулығын қалпына келтіруден де қиын болуы мүмкін.