Желіде жасанды интеллект көмегімен жасалған ерекше видео тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Видеоны әзірлеген – IT маманы Еркінбек Таласбек. Ол тарихтағы ең танымал қазақ тұлғаларын бір пойыздың әр купесіне отырғызып ерекше видео жасаған.
Қызық формат пен тосын эксперимент әлеуметтік желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Тарихи тұлғалардың бір кеңістікке тоғыстырылуы көпшілікті ойландырса, «біреуін таңдау өте қиын» деген пікірлер толассыз жазылып жатыр.
БІРІНШІ КУПЕ: НАЗАРБАЕВ, ТОҚАЕВ, ҚОНАЕВ
Жасанды интеллект жасаған бейнеде бірінші купеде Нұрсұлтан Назарбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев және Дінмұхамед Қонаев.
Екінші купе – руханият пен ағартушылықтың ордасы іспетті. Мұнда Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Шәкәрім Құдайбердіұлы отыр.
Төрт тарихи тұлғаның басын қосқан үшінші купеде – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және Абылай хан.
Кейбір желі қолданушылары мұны «қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған саяси мектеп» деп сипаттапты.
Соңғы купеде – Алаш қозғалысының жетекшілері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы бар. Жанында Ілияс Жансүгіров пен Сәкен Сейфуллин отыр.
Бұл есімдер қазақтың тәуелсіздік жолындағы күресін, ұлттың ояну дәуірін еске салады. Желі қолданушыларының бірі: «Олардың жанында бір сағат отырсаң да өміріңе жететін ой алып шығасың» деп пікір қалдырған.
ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ: «БІР КУПЕНІ ТАҢДАУ — ӨТЕ ҚИЫН»
Видео астына жүздеген пікір жазылды. Көпшілігі бір купені ғана таңдау өте ауыр екенін ашық жазуда. Біреулер руханиятты таңдаса, енді бірі ел басшылары отырған купені қызық деп санаған.
«24 сағатың бар. Қай есікті таңдар едің?» – деп ой тастаған видео авторы Еркінбек Таласбек.
Бұл формат бір жағынан ойын-сауық сипатында көрінгенімен, екінші жағынан қазақ тарихы мен тұлғаларына деген қызығушылықтың әлі де жоғары екенін көрсетеді.