Алматы маңында қоқыстан шыққан өрт әлі сөндірілмеді

Сырым Қаржас
Фото: ТЖМ

Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын сөндіру және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Жекелеген учаскелерде 10 метрге дейінгі тереңдікте бықсу байқалады. Өрт ошақтарын сөндіру үшін инертті материалдармен толтырылуда. Өзгермелі жел бағыты қосымша қиындықтар туғызуда. Полигонның ауданы бойынша соқамен жырту жұмыстары жүргізілді. Барлығы 7 өрт сөндіру учаскесі құрылды.

Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығы, полковник Дәурен Оразбековтің басшылығымен жедел штаб құрылды.

ӨРТ СӨНДІРУ

Өртті сөндіру жұмыстарына Алматы облысы, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімі, жергілікті атқарушы органдар, «Қазселденқорғау» және Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің 120-ға жуық адамы мен 60-тан астам техникасы жұмылдырылды.

ТЕХНИКА

Өрт сөндіру аймағына суды үздіксіз жеткізу үшін Тереңқара өзеніне сорғы-жеңді автомобиль орнатылды. Құтқарушылар диаметрі 77 мм 70 жеңнен тұратын магистральды желі тартты, оған 6 бірлік техника жұмылдырылған. Бұл шаралар өртті тиімді сөндіру үшін қажетті қысым мен судың жеткілікті мөлшерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өрттің жақын маңдағы аумақтарға таралу қаупі жоқ.