Алдағы жылдары Алматыда марқұмдарды жерлейтін орын қалмайды. Қазір қаладағы бар-жоғы 9 зиратта ғана бос жер бар, оның өзі көп болса 7-10 жылға жетеді деп болжанып отыр. Осыған байланысты әкімдік бейіт орындарын қалаға жақын ауылдардан қарастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Информбюро31 мәліметінше, қала аумағында жалпы 70 зират болса, соның 61-інде орын толып кеткен. Кейбірі әкімдіктің шешімімен ресми түрде жабылған. Алматыда әр марқұмға бөлінетін жер көлемі 6 шаршы метрден аспайды. Дегенмен, мұндай шектеудің өзінде жер тапшылығы айқын сезілуде. Әкімдік дерегінше, көптеген қорымдар 15-20 жыл бұрын-ақ толық болған.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ
Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы қазіргі жағдайға қатысты былай деді:
– Өздеріңізге белгілі, Кеңсай, Батыс және қаланың төменгі бөлігінде орналасқан зираттар бар. Жалпы алғанда, бүгінде осы зираттарда 63 гектар бос жер қалды, – деді ол.
Әкімдік өкілінің айтуынша, Алматы қаласы мен облыс әкімдігі бірігіп, қала сыртынан қосымша жер бөлуді қарастыруда. Егер ауылдық аумақтан орын табылса, ол мегаполиске тиесілі болмақ. Дегенмен, бұл ұсынысқа тұрғындардың алаңдаушылықпен қарап отырғаны байқалады.
БАҒА
Алматы маңынан бөлінетін жаңа жер көлемі әзірге белгісіз. Айта кету керек, қала аумағында жерлеудің ресми құны бүгінде 60 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Әкімдік түсіндірмесіне сенсек, бұл сома қабір қазу ақысы болып есептеледі және мемлекет қазынасына аударылады.