Қазақтың халық ақыны, «Құрмет» және «Барыс» ордендерінің иегері Әсия Беркенова өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Толығырақ
Министрлік ақынның отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен шәкірттеріне көңіл айтты.
Әсия Беркенова қазақ айтысы қайта жанданған кезеңде осы өнердің дамуына үлес қосты. Тобыл өңірінде айтыс дәстүрін жаңғыртуға еңбек сіңіріп, суырыпсалма өнерімен, ұшқыр ойы және өткір сөзімен танылды. Сондай-ақ ұзақ жыл ұстаздық етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі.
– 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста жеңіске жеткеннен кейін ақынның есімі қалың жұртқа кеңінен таныла түсті. Кейін республикалық және халықаралық айтыстарда да топ жарып, қазақтың сөз өнерін насихаттады, – делінген хабарламада.
Әсия Беркенованың шығармашылығы мен ұстаздық өнегесі шәкірттерінің еңбегінде жалғасын тапты. Оның ұлт руханиятына қосқан үлесі мен жарқын бейнесі халық жадында сақталады.