20 жастағы Түркістан облысының тұрғыны Мәншүк Ахмет «қыз алып қашу» құрбаны болғанын айтады. Оның сөзінше, былтыр маусым айында бір топ бейтаныс адам оны алып қашын, бұрын соңды араласпаған адаммен некеге тұруға мәжбүрлеген. Туыстарының айтуынша, бастапқыда іс «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен ашылғанымен, кейіннен ол бап алынып тасталған. Олар істің баяу жүріп жатқанына және баптың алынып тасталғанына наразы, деп хабарлайды Ulysmedia.
«Ауызымды жапқанда тұншығып отырдым»
Мәншүк Ахметті былтыр 27 маусымда бірге оқып жүрген құрбысы бір топ жігітпен бірге алып қашқан. Ол уақытта Мәншүк Жетісай қаласындағы педагогикалық колледжде оқыған. Атастырылып қоған жігіті де болған.
Оқиға болған күні Мәншүк құрбысы Алтыншаш Дәрібаймен бірге тамақтану үшін қалаға шығып, такси тоқтатқан. Аздан кейін көлікке жолдан тағы екі жігіт мінген. Ол уақытта Мәншүк артқы орындықта отырған. Екі бейтаныс адам көліктің екі жағынан келіп отырған. Жолда Алтыншаш Дәрібай Мәншүкке оны алып қашып бара жатқандарын айтқан.
«Мен бірден құрбыма айқайлап, ұрса бастадым. «Менің атастырылып қойған жігітім бар екенін білесің ғой. Біздің тойымыз болатынын сен білесің» дедім. Соған қарамастан, «менің ағам да жақсы адам, сені бақытты етеді» деп отырды. Мен тағыда айқайлап отырғанымда жанымда отырған екі жігіт, қолымнан ұстап, ауызымды жапты. Ауызымды жапқан кезде мен тұншығып отырдым. Әрі қарай мен мүлде дауысымды шығара алмадым», – деді Мәншүк сол күнгі оқиғаны есіне алып.
«Өз-өзімді жоғалтып алдым»
Мәншүк Ахметтің айтуынша, оны бейтаныс үйге алып барған. Сол жерде бір топ әйел оның басына орамал жаппақ болған. Кейбірі қорқытып, көндіруге тырысқан. Мәншүктің ағасы Асылбек Орынбаев қызды алып кетуге барғанда оған күш көрсетіп, үйден шығарып жіберген.
«Мен ол жерде дәрменсіз күйде отырдым. Әйелдердің барлығы маған өз сөздерін айта бастады. Біреуі алдап жатты, біреуі қорқытып жатты, ал бірі мүлде жалынып жатты. Әрқайсысы, әртүрлі сылтаулар айтып, мені көндіргісі келді. Мен оларға да айттым, «менің атастырылып қойған жігітім бар ғой» деп жылаумен болдым. Сол жылап жатқан кезде бір әйел келіп қорқыта бастады. «Сен бізге осы жерде көнбесең, мен сенің түбіңе жетемін» деп қорқытты. Солай мен қатты қысым алғандықтан өз-өзімді жоғалтып алдым. Сосын мен олардан су сұрадым. Су ішіп отырдым. Шамалы уақыттан соң басым қатты ауырып, өзімді жайсыз сезіне бастадым», – деді ол.
Оның айтуынша, сол уақытта ол жақындарымен телефонмен де байланыса алмаған. Телефоны құрбысында болған.
«Менің атымнан менің үйімдегілерге жазған. «Мама, папа, мен сіздердің ақ баталарыңызды алғым келеді. Маған баталарыңызды беріңіздер. Мен өз еркіммен келдім» дегендей жазған. Алайда мен өмірімде әке-шешеме мама-папа деген емеспін. Мен ата-әжемнің қызы болғандықтан, оларға мүлде мама-папа деп айтпағанмын. Оларды тек көке-жеңге деп айтамын», – деді Мәншүк.
Мәншүктің айтуынша, телефонын ертеңінде бірақ берген. Сол күні екі жақтың туыстары кафеде кездесу керек болған. Кафенің алдында жанжал болған.
«Мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстық»
Мәншүк Ахметтің әпкесі Әлия Орынбаеваның сөзінше, бастапқыда мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқан. «Бірақ кафенің алдында жанжал болып, соққыға жығылдым» дейді ол.
«Жетісай қаласындағы «Атмосфера» кафесіне шақырдық ол кісілерді. Сол жерде кездесейік, жүздесейік, сөйлесіп көрейік, қазір он тоғызыншы ғасыр емес қой қызды алып қашып кететін. Біз бейбіт жолмен қайтарып алуды ойлаған болатынбыз. Бірақ олай болған жоқ...Бізді ер кісілер күтіп алды. Ешқандай әйел адам болған жоқ. Сонда жоғары көтеріліп, кафенің ішінде отырдық. Шамалы уақыттан кейін бізге бір ер кісі жүгіріп келді. «Сіз неге алдайсыз, мына жақта не болып жатыр, қызды алып кетейін деп жатыр» деп. Содан біз мән-жайды көрейікші деп, төменге жүгіріп түстік. Жүгірген бойда қарасам, сіңілім інімнің құшағында тұр, екі жағында екі әйел қысып, сіңілімді жібермей тұр екен. Мен сіңілімді босатуға барғанымды, шашымнан біреуі сүйреп, ұрып, мені жерге құлатып, тепкіледі», – деді ол.
Қысқарған бап, баяу жүріп жатқан іс
Асылбек Орынбаев оқиғадан кейін қарындасын алып қашқан Шынболат Иманбердиевтің үстінен полицияға шағымдандық дейді. Сөзінше, іс бастапқыда «Бас бостандығынан заңсыз айыру» бабымен қозғалғанымен, кейін ол бап істен алынып тасталған. Сот-медициналық сараптама да тым кеш тағайындалған. Ол кезде соққы іздері қалмаған.
«Қылмыстық кодекстің 126-бабымен іс қозғалған. Іс «қыз өз еркімен барған. Міне, телефонмен бір-бірімен хат алмасқан. Қыз өзінің келісімімен барған» деген сылтаулармен, «адам ұрлау» бабын қысқартып отыр қазіргі таңда», – деді ол.
Асылбек Орынбаевтың сөзінше, іс тек қылмыстық кодекстің 109-бабы бойынша қозғалған. Бірақ оның өзі тым баяу жүріп жатыр дейді ол. Бес рет тергеуші алмасқан.
Полиция жауабы
Тергеу амалдарын жүргізіп жатқан Жетісай аудандық полициясының тергеушісі Айсері Ералы істі жаңадан алғанын айтты. Оның сөзінше, істе сот-медициналық сараптама қорытындысы, іске қатысты материалдардың барлығы бар. Бірақ істі жаңадан бастағандықтан, қосымша жауаптар алу қажет.
«Негізі ол кісілерді сараптамалармен танысуға шақырып жытырмыз. Бұл кісілердің өздері келуден бас тартты. Асылбек ағаның өзіне де айтып жатырмын, сіздің туысқандарыңыз ғой қанша дегенмен. Мына істе айып тағу бойынша жұмыс жасайық деп. Ол кісі мені тыңдады. Бірақ «иә, орындап беремін» деп айтқан жоқ. Ол іс бойынша барыншы істеп жатырмыз», – деді ол Ulysmedia тілшісіне.
Контекст
2025 жылы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заңмен бекітілген. Қылмыстық кодекстің 125-1-бабына «Адам ұрлау» енгізілген.
Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары комитетінің дерегінше, жаңа норма күшіне енгеннен бері ел бойынша «Некеге мәжбүрлеу» бабы бойынша 18 қылмыстық іс тіркелген.
Қазақстанда қыз алып қашуға мәселесі оңтүстік өңірлерде әлі күнге дейін бар. Жақында Шымкент қаласында танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың оқиғасында да алып қашу дерегі болған.