Кәрім Мәсімов Джеффри Эпштейннің құжаттарында бірнеше рет аталады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Джеффри Эпштейн ісіне қатысты жарияланған құжаттарда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің есімі кемінде сегіз рет аталады. Атап айтқанда, оның аты электронды хаттарды қоса алғанда, құжаттардың бірнеше бөлігінде аталған. Бұл материалдар 2011–2015 жылдар аралығын қамтиды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Masa Media журналистері 2011 жылғы хаттардың бірінде есімі белгісіз жіберуші Джеффри Эпштейнге Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің үйінің маңында тұратынын жазып, оның Мәсімовпен таныс-таныс еместігін сұрайтынын анықтаған. Тағы бір хат-хабар алмасуда Мәсімовке «сәлем жеткізілгені» айтылады.

Ал 2014 жылға тиесілі хаттардың бірінде жіберуші Эпштейннен Мәсімовке жолдайтын бұйымтайы бар-жоғын сұрайды. Эпштейн жауап ретінде жай ғана «әңгімелесуге болатынын» айтып, үшінші адам арқылы бұрын Нью-Йоркте кездескен Келімбетовке сәлем жолдай алатынын жазады.

Аталған хаттардың скриншоттары АҚШ Әділет министрлігі жариялаған ресми материалдардың құрамында бар. Алайда бұл құжаттарда Кәрім Мәсімовтің Джеффри Эпштейнмен жеке кездескені туралы ақпарат жоқ.

КЕЛІМБЕТОВ ТЕ БАР

Құжаттарда Қайрат Келімбетовтің аты да бірнеше рет кездеседі. Бұл туралы бұған дейін хабарланған.

Айта кетейік, Джеффри Эпштейн — кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыстар үшін сотталған америкалық қаржыгер. 2019 жылы ол адам саудасы айыптарымен қайта қамауға алынып, сотты күтпестен өзіне қол жұмсаған. Қаңтардың соңында АҚШ-та оның ісіне қатысты миллиондаған бет құжат жарияланды.