Таразда 5-қабаттан балаларын лақтырған әйел ауыр депрессияда болған

Сырым Қаржас
Shutterstock

Таразда балаларға қатысты болған оқиғаға Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Балалар Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілген.

- Ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық, ал қыз баланың жағдайы ауырлау. Әйел адам бұрын ауыр депрессияда болғаны анықталған, алайда емдеу толық аяқталмаған. Балаларды қорғауға кедергі келтіретін күрделі мәселелердің бірі — медициналық құпия. Денсаулық сақтау органдары ауыр депрессиялық жағдайы анықталған немесе есепте тұрған ата-аналармен бірге тұратын балалар туралы балалардың құқықтарын қорғау органдарына хабарламайды. Қатыгездік, кісі өлтіру деректерінің ондағаны көбіне осындай жағдайлармен байланысты. Балаларды қорғау функциясын атқаратын органдар қажет болған жағдайда шара қабылдау үшін тиісті ақпаратқа ие болуы тиіс, — деп жазды Зәкиева.

БАЛАЛАР

Зәкиеваның мәліметінше, күн сайын балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты орта есеппен бес қылмыс тіркеледі. Мұндай қылмыстардың 60–70 пайызы жақын туыстары — анасы, әкесі немесе жақын ортасындағы адамдар тарапынан жасалады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Таразда әйел адам 2021 жылы және 2023 жылы туған екі баласын бесінші қабаттан лақтырып жібергенін хабарлаған едік.