Батыс Қазақстан облысында дронның бөлшектеріне ұқсас заттар табылды. Ақпарат алғашында мессенджерлерде тарады, кейін оны полиция растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары Ақжайық ауданынан табылған. Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр – нысанның қайдан пайда болғаны және нақты не болғаны анықталып жатыр.
– Нысан елді мекеннен тыс жерден табылды. Барлық мән-жай анықталып жатыр, – деп хабарлады Ulysmedia.kz редакциясына БҚО ПД.
БҰҒАН ДЕЙІНГІ ЖАҒДАЙЛАР
Бұл өңірде мұндай оқиға алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2025 жылдың күзінде Бөрлі ауданындағы Қызылтал ауылы маңында әскери зарядпен жабдықталған дрон жарылып, оқиға орнында шұңқыр қалған. Сол кезде көршілес Орынбор облысында әуе дабылы жарияланған. Бұған дейін де құлау фактілері тіркелген, мысалы, наурыз айында Жәнібек және Тасқала аудандарында. Ал бір жағдай Бөкейорда ауданында болған. Қайталанып отырған осындай жағдайларға қарамастан, Қорғаныс министрлігі жүргізген тергеулердің ресми қорытындылары әлі күнге дейін жарияланған жоқ.