Бектенов Балқашта жаңа мыс балқыту зауытын уақытылы іске қосуды тапсырды

primeminister.kz

Үкімет басшысы Қаратас кен орнында және «Kazakhmys Smelting» зауытына барды.

Премьер-министр Балқаш қаласын қалыптастырушы кәсіпорындардың жұмысымен, тау-кен металлургиясы және мыс балқыту кешенін жаңғырту барысымен, жаңа өнеркәсіп нысандарын іске асырумен және геологиялық барлау жобаларының қазіргі нәтижелерімен танысты.

Қарағанды облысында өңдеу секторына басымдық бере отырып, өнеркәсіптік даму бойынша оң динамика сақталып отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,7 трлн теңге болып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 4,7% өсті. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі бойынша өңір Қазақстанда 2-орында тұр.

«Ұлттық тау-кен компаниясы «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның Қаратас мыс кен орнында Үкімет басшысына геологиялық барлау жұмыстарының барысы және жер қойнауын зерттеудің заманауи технологиялары таныстырылды.

«Қазгеология» АҚ еліміздің жеті облысында жалпы аумағы 55 мың шаршы шақырым жерде жұмыстар жүргізіп жатыр. Оның ішінде бұрғылау, жерүсті және аэрогеофизикалық зерттеулер бар. 1:50 000 масштабында жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырым болатын 20 негізгі учаскеде жоғары дәлдіктегі зерттеу жұмыстары басталды.

Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес геологиялық барлау жобаларын іске асырудың жаңа тәсілі айқындалды. Енді «Тау-Кен Самұрық» лицензия алып, геологиялық барлау жүргізеді, расталған қорларды мемлекеттік балансқа қояды және жоба жоғары дайындық деңгейіне жеткен кезде шетелдік серіктестерді тартады. Бұл механизм жобалардың құнын арттырып, мемлекет үшін тиімдірек жағдай жасауға мүмкіндік береді.

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы компания үш лицензия алып, алтын, мыс және сирек жер металдары кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын бастады. Қазірдің өзінде 8 тоннадан астам алтын және 150 мың тонна мыс қоры расталды.

Атап айтқанда, «Қаратас» жобасы бойынша мыстың орташа мөлшері 0,35%-дан 0,46%-ға дейін артты. Қазіргі уақытта технологиялық сынама алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін гидрогеологиялық және геотехникалық зерттеулер жүргізіледі.

Сондай-ақ геологиялық керндерді жасанды интеллект көмегімен талдаудың алғашқы нәтижелері таныстырылды. Бұл технология жұмыстардың өнімділігін арттырып, құжаттау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйе Жосабай кен орнында оқытылған. Оның дәлдігі 80% болады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сапар қорытындысы бойынша премьер-министр геология саласын қолдау шараларының айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Тек мемлекеттік қаржыландыру көлемі 10 есе артты және алдағы үш жылда шамамен 500 млн долларға жетеді.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қорлардың, әсіресе стратегиялық маңызды минералдар қорларының өсім әлеуеті жоғары перспективалы учаскелерге басымдық беру, геологиялық деректерді цифрландыру, инвесторлар тарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ туындайтын жер, инфрақұрылым және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу тапсырылды.

Үкімет басшысы «Тау-Кен Самұрық» АҚ-ға «Қаратас» жобасының тәжірибесін «Жосабай» және басқа да перспективалы учаскелерге таратуды тапсырды. Бұл ретте геологиялық барлаудан қорларды мемлекеттік балансқа қоюға және кейін өнеркәсіптік игеруге уақтылы көшуді қамтамасыз ету қажет.

Олжас Бектенов «Kazakhmys Smelting» ЖШС-нің Балқаш мыс балқыту зауытының жұмысымен және Балқашта жаңа мыс балқыту кәсіпорнын салу жөніндегі инвестициялық жобаның жоспарларымен танысты.

«Қазақмыс» басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің айтуынша, кәсіпорын өндірістік қызметін, жаңғырту бағдарламасын және даму жоспарларын таныстырды.

1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан металлургиялық кешен Қазақстандағы катодты мыс өндірісінің шамамен 51%-ын қамтамасыз етеді. Балқаш мыс балқыту зауытының жобалық қуаты жылына 220 мың тонна катодты мыс, 1,1 млн тонна күкірт қышқылы, 10 тонна алтын және 400 тонна күміс өндіруге жетеді.

Биыл «Қазақмыс» зауытты жаңғыртуға 21,8 млрд теңге бағыттап отыр. Бағдарлама аясында металлургиялық жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу, өндірістік инфрақұрылымды жаңарту және технологиялық процестердің сенімділігін арттыру көзделген.

«Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры Жәнібек Байғабеловтің айтуынша, қазіргі уақытта құны 5 млрд теңгеден асатын №1 Ванюков пешін күрделі жөндеу аяқталды. 2027 жылға құны 5,4 млрд теңгеден асатын №2 Ванюков пешін жөндеу жоспарланған.

Сондай-ақ анод пештері, конвертерлер, күкірт қышқылы цехының жабдықтары мен өндірістік инфрақұрылым жаңартылып жатыр.

Сапар барысында премьер-министрге Балқашта жаңа мыс балқыту зауытын салу жобасы таныстырылды. Жоба Қазақстандағы мыс өндірісін жылына 800 мың тоннадан астам деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Президенттің терең өңдеуді дамыту және жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес келеді.

Жоба Үкімет мақұлдаған Инвестициялық келісім аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Qazaq Smelter» ЖШС арасында іске асырылады. Жеке инвестиция көлемі – 750 млрд теңге.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын және 1,5 млн тонна күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Құрылысты 2027 жылы бастау, ал кәсіпорынды 2030 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Жоба аясында 1,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. Зауыт іске қосылған кезде қазақстандық мамандардың үлесі 90%-ды құрайды, кейін бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланған.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, жоба заманауи балқыту агрегаттары, жаңа электролиз және бағалы металдар өндірісі цехтары, сондай-ақ шлактарды қайта өңдеуге арналған жеке учаскесі бар жаңа буын зауытын салуды көздейді. Технология мыс өндіру деңгейін 98%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Балқаш мыс балқыту зауытымен салыстырғанда шығарындылар көлемі айтарлықтай төмендейді: жылына 60 мың тоннадан 5 мың тоннаға дейін қысқарады.

Премьер-министр мемлекеттік органдарға жаңа мыс балқыту зауытын уақытылы пайдалануға беруге қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Бұдан бөлек, «SGS Kazakhstan Ltd» ЖШС халықаралық талдау зертханасының геологиялық және технологиялық сынамаларды зерттеудің толық циклін жүргізу мүмкіндіктері көрсетілді. Зертхананың қуатын жылына 350 мың сынамаға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл өңірдің жоғары дәлдіктегі химиялық талдауға деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Балқаштағы SGS зертханасының жұмысы талдау жүргізудің халықаралық стандарттарын енгізуге, минералдық шикізат пен дайын өнім сапасын бақылаудың дұрыстығын арттыруға ықпал етеді.