14 елші, 4 бауырлас қала: Шымкенттің халықаралық байланысы кеңейіп келеді

фото: ашық дереккөзден

Шымкент жыл басынан бері 14 мемлекеттің елшілері мен бас консулдарын қабылдап, шетелдің төрт қаласымен бауырластық байланыс орнату жөнінде келісімге келген. Қалада үш елдің құрметті консулдығы ашылды. Бұдан бөлек, Италия мен Латвия консулдықтарын ашу, Шенген визасына құжат қабылдайтын қызметті іске қосу жоспарланып отыр. Халықаралық байланыспен қатар, шаһарда туризм мен креативті индустрияны дамыту жұмыстары да жүріп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шаһарға 14 мемлекеттің елшілері келді

Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың мәліметінше, жыл басынан бері Шымкентке 14 мемлекеттің елшілері мен бас консулдары жұмыс сапарымен келген. Сондай-ақ, шетелдің төрт қаласымен бауырластық қарым-қатынас орнату жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Олар: Фейсалабад (Пәкістан), Кутаиси (Грузия), Дебрецен (Венгрия) және Пермь (Ресей) қалалары.

Мегаполисте Қырғызстан, Франция және Бельгияның құрметті консулдықтары ашылды. Алдағы уақытта Италия мен Латвия консулдықтарын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Францияның Қазақстандағы Елшілігімен қол қойылған Жол картасына сәйкес, Шенген визасын алу үшін құжаттарды қабылдайтын толыққанды визалық қызметті іске қосу көзделген.

Шымкенттің туристік әлеуетін дамыту мақсатында қалаға 11 елден туризм саласының өкілдері мен блогерлер келді. Кездесулер қорытындысы бойынша жергілікті туристік компаниялармен 17 келісімге қол қойылды. Қараша айында 7 елдің шетелдік туроператорлары мен тревел-блогерлеріне арналған ақпараттық тур ұйымдастыру жоспарланған.

Креативті индустрия саласының дамуы

Қалада креативті индустрия саласы бойынша 2 430 субъект тіркелген. Shymkent Creative Hub орталығында 36 резидент жұмыс істейді. Бүгінде 227 іс-шара өткізіліп, 79 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 5 200-ден астам бұйым сатылымға шығарылды.

Маңызды жобалардың қатарында «Сақ» студиясының екі толықметражды анимациялық фильмінің жарық көруі, 20 ел дизайнерлерінің қатысуымен өткен халықаралық сән көрсетілімі және Creative Aimaq жобасы аясында Астанада Шымкенттің креативті индустрия күндерінің ұйымдастырылуы бар.

Сізге қызық болуы мүмкін