Мәдениет министрлігі Нұртас Адамбайға қатысты дауға қатысты түсінік берді

Ulysmedia коллажы

Нұртас Адамбайдың жұбайы жариялаған айыптаулардан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі режиссер мен оның айналасындағы адамдарға қатысты жағдайға пікір білдірді. Ulysmedia.kz редакциясының сауалына берген жауабында Дін істері комитеті Ғалия Адамбайдың жария үндеуін назарға алғанын хабарлады.

Мән-жай

Редакция комитеттен Нұртас Адамбай мен Төребек Бекбаевтың қандай да бір діни бірлестіктерге қатысы бар-жоғын сұрады. Ведомство сауалға мынадай жауап берді:

– Төребек Бекбаев пен Нұртас Адамбай миссионер ретінде тіркелмеген. Аталған адамдардың дін қызметкері болып табылатыны туралы мәлімет, сондай-ақ олардың Қазақстан аумағында тіркелген қандай да бір діни бірлестікпен байланысын растайтын ақпарат бізде жоқ, – делінген Ulysmedia сауалына берілген жауапта.

Комитет өкілдері Төребек Бекбаевқа қатысты өздеріне ешқандай шағым түспегенін де хабарлады. Ал режиссердің жұбайы жариялаған айыптаулар назардан тыс қалмаған.

– Ғалия Адамбайдың жария үндеуінде айтылған ақпарат Комитет назарға алды. Қазақстан заңнамасын бұзу деректері анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді ведомство.

Мәдениет министрлігі діни қызмет талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Мұндай заңбұзушылықтарды полиция мен жергілікті атқарушы органдар тексере алады.

«Сектаның» ықпалы туралы

Ғалия Адамбай бұған дейін жұртшылық алдында күйеуін коуч Төребек Бекбаевтың ықпалына түсті деп айыптаған еді. Ол Бекбаевтың айналасындағы адамдарды «Төребекшілдік сектасы» деп атап, осы жағдайдан отбасы мен балалары зардап шеккенін мәлімдеген.

Бекбаев өзін психолог әрі коуч ретінде таныстырады. Ulysmedia.kz оның ашық кездесулерінде ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген тұжырымдар айтқанын анықтаған. Мысалы, ол балалардағы аутизмді ата-аналардың мінез-құлқымен байланыстырған. Сондай-ақ адамның сенімі күшті болса, денесінде жоқ мүшесі қайта өсіп шығуы мүмкін деген пікір айтқан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы редакцияға Бекбаевтың ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқ екенін хабарлаған.

Ал теолог Жандаулет Сүлейменов бейресми діни топтар отбасында жанжал туғызып, қоғамда алауыздыққа себеп болуы мүмкін екенін ескерткен.

Сізге қызық болуы мүмкін