БҚО-да Мәжіліс депутаттығына екі үміткер сайлаудан шеттетілді

Ғалиасқар Думан

БҚО-да Мәжіліс депутаттығына екі кандидат және мәслихат депутаттығына үміткерлердің бірі сайлауға қатысу құқығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

qazdauiri.kz

"Уральская неделья" басылымының жазуынша, Батыс Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиясы 2 наурызда Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Алпамыс Қамалов пен Нұрлан Қаринді тіркеуден шығару туралы шешім қабылдады. Бұған Мемлекеттік кірістер департаментінің олардың кірістері туралы декларацияларындағы сәйкессіздік туралы хаты негіз болған.

"КИТ-Холдинг" ЖШС директоры Қамалов 12 жыл бұрынғы қарыз шартына байланысты тіркеуден шығарылды.

"2011 жылы ол бір адамға қолхатпен 2 миллион теңге қарыз берген. Борышкер қарызын белгіленген мерзімде қайтарды. Мемлекеттік кірістер департаменті депутаттыққа үміткер кірісті жасырды деп есептеді", - деп нақтылады басылым.

Қамаловтың сөзінше, мемлекеттік орган құжаттарды бұрмалаған және оның сайлауға қатысуына жасанды түрде кедергі келтірмек.

"Декларация өткен жылға, яғни 2022 жылға берілді. Мемлекеттік кірістер департаменті маған 2011 жылғы орындалған шарт туралы ақпаратты қалай және қандай жолмен көрсетуді ұсынды деген сұраққа жауап бере алмады, оның үстіне, шарт сомасы 1000 АЕК-тен едәуір төмен. Мен оларға ешқандай қарызым жоқтығын көрсететін келісімшарттың нотариалды куәландырылған көшірмесін бердім және ойдан шығарылған деректерді қайтарып алуды сұрадым. Мемлекеттік кірістер басқармасының басшылығы өз қателігін мойындады, бірақ жауап берудің 15 күндік мерзіміне сілтеме жасай отырып, жазбаша жауап беруден бас тартты. Мәліметтер әдейі бұрмаланып отыр, әйтпесе, міндеттемелерімнің жоқтығына дәлел бола тұра, басқарма жағдайды түзету үшін ешқандай әрекет жасамағанын қалай түсіндіруге болады?"- деп түсіндірді Камалов.

Ал "NS-ПроектСервис" ЖШС директоры Қарин депозитарийде белгілі бір бағалы қағаздары болғаны үшін тіркеуден шығарылыпты. Алайда үміткер өзінде бағалы қағаздар бар екенін білмейтін болып шықты.

"Мен ЭЦҚ-мен депозитарийге кіріп, түгел қарап шықтым – Мемлекеттік кірістер департаменті көрсеткен деректер жоқ. Мен олардың басшылығымен байланысқа шықтым, олар маған деректердің ішінара сәйкес келетіндігін айтты. Ал аумақтық сайлау комиссиясы салық қызметкерлерінің қате ақпараты негізінде мені тіркеуден асығыс алып тастады. Немесе бұл аумақтық сайлау комиссиясы пен мемлекеттік кірістер департаментінің өзара келісімі", - деді Қарин.

Қамалов пен Қарин сотқа олардың тіркеуін қалпына келтіру туралы арыздануға ниетті.