×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Риддердегі ЖЭО мемлекеттік бюджет есебінен жөнделетін болды

30.05.2023, 18:01
фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Риддер мәселесіне тоқталсақ, жақында облыс әкімімен, аталған нысанның иесімен сөйлестік. Риддер жылу электр орталығының иесі нысандағы жөндеуді тиісті деңгейде қаржыландыра алмайтынын түсініп отыр. Бұл тұрғыда әкімдік бұл станцияны толық басқаруды өз қолына алды. Станция мен «Өскемен жылу желілері» коммуналдық кәсіпорны арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды», - деді Ж. Нұрмағанбетов.

Ол Риддер қаласындағы қазандықтар мен ЖЭО-ның қосалқы жабдықтарын жөндеуге жұмсалатын қаражат бойынша және басқа да шығындарға қатысты мамандар есептеп шығарған есеп-қисап аясында тиісті өтінім рәсімделгенін атап өтті.

«Қаражат бөлу туралы облыс әкімдігінен Үкіметке, Қаржы министрлігіне тиісті өтініш келіп түседі деп күтіп отырмыз. Таяуда Үкімет тиісті шешім қабылдап, Риддерде жөндеу жұмыстары басталады деп ойлаймын», - деді вице-министр.

Оның сөзінше, жылу электр орталығы иесінде нысанды жөндеуге қаржы салу мүмкіндігі жоғына байланысты Үкімет қаржыландыру мәселесін өз мойнына алып отыр.

Айта кетейік, наурызда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Риддердегі жылу электр орталығында екі қазандықтан өрт шыққанын хабарлаған болатын. Даниал Ахметов стансаның жаңа иелерін технологиялық бұзушылықтар жасады деп айыптады.

Сондай-ақ, 23 наурызда Риддер ЖЭО №6 қазандық аймағындағы жанармай беру галереясында көмір шаңы жарылды. Жарылыс толқыны шамамен 80 шаршы метр қоршау құрылымдарын қиратты.

24 наурызда қалада өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

ШҚО прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесін Риддер ЖЭО-ның техникалық жай-күйі көңіл көншітпейтінін көрсетті. Жылу электр орталығының басшылығына 11 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Өткен жылдың соңында жылыту маусымы басталғалы Риддер жылу электр орталығы температура режимін 133 рет бұзған.

Бұдан бұрын ШҚО әкімі Даниал Ахметов Риддердегі ЖЭО-ны монополиядан шығару қажеттігін айтқан.

Сондай-ақ, 19 сәуірде аймақ басшысы қалада төтенше жағдай режимін алу жоспарда жоқтығын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары