Жолдауда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтаруды тапсырған болатын. Алайда бұл шаруа Ұлттық банкке оңайға түспейтін секілді, деп хабарлайды ulysmedia тілшісі.
Үкіметтің бүгінгі отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы жылғы 8 айының қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге негізгі «үлес» қосқанын айтады. Ол көрсеткішті осы жылдың соңына қарай 8% төмендету үшін Үкімет пен әкімдер реттеушілік сипатта және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын негізге ала отырып, жедел шаралар қабылдамақ. Әйтсе де бірқатар облыста жыл басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалады. Мысалы, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9% жоғары деңгейде қалыптасқан. Осыған байланысты Ұлттық банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынып отыр.
«Шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді перспективада Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады. Біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттары бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып отыр. Өз өкілеттіктері шеңберінде ақша-кредит саясатының 2030 жылғы дейінгі стратегиясына сәйкес шамадан тыс өтімділікті қысқарту үшін Ұлттық банк 2025 жылға дейін экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан кезең-кезеңімен толық шығуға ниетті», - деді Ерболат Досаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырмақ. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда Ұлттық банк баға тұрақтылығына қолжеткізуді ескере отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға өзінің дайын екенін растады.
«Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге және 2023-2024 жылдары 4-5% нысаналы дәлізге енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға шаралар кешенінің барлығын толыққанды іске асыру нәтижесінде қол жеткізіледі деп есептеймін», - дейді Досаев.