Қазақстан бюджеттің ашықтығы жағынан тұралап тұр – сарапшылар

Аян Өрібай

Мемлекеттік қаржы жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, Сандж зерттеу орталығының негізін қалаушы Жанар Жандосова бүгін Баспасөз клубында Қазақстан бюжетінің ашықтығы жөнінде баспасөз мәслихатын өткізді. Оның айтуынша, 15 жыл ішінде бюджеттің ашықтығын бағалау рейтингінде Қазақстан 2021 жылы 38-ден 63 балға көтеріліп, осы көрсеткішке тоқтап қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

Жандосова не дейді?

Қазақстанның көрші елдерінде 2023 жылға арналған бюджеттің ашықтық индексі айтарлықтай жоғары болып шықты. Грузияда бұл бағытта 87 бал болса, Әзірбайжанда 67, Ресей 66, Түркия 64 бал бар.

– Осылай тұралауының себебі неде?Талдау барысында басты мәселе нөлдік ұпайлардың басым бөлігі болатын бюджет жобасында екенін көрсетеді, – дейді ол.

Тұралаудың себептері неде?

Жандосованың айтуынша, біріншіден, Қазақстан бюджеттегі шығыс пен кірістер туралы тарихи деректер бар болса да, ұсынбайды. Бюджет жобасы өткен және келесі жылдардың бюджеттерін салыстыруға немесе бюджетті жоспарлау мен орындаудағы болар қателерді көруге мүмкіндік бермейді.

– Өкінішке қарай, Бюджет жобасында біздің мемлекеттік қарызымыз бен оған пайыздық мөлшерлеменің қалай өсіп жатқаны туралы да деректер жоқ. Өткен 2 жылдың деректерін жариялау қателіктерді түзеп, сабақ алуға мүмкіндік берер еді. Бағалауы Халықаралық валюта қоры әдістемесіне негізделген халықаралық фискалдық серіктестіктің тарихи деректерді қосуды талап ететіні де сондықтан. Өткен жылдардың деректері  индексті 9 балға арттырар еді, – дейді ол.

Айлыққа қанша бөлінгенін білмейміз

Екіншіден, бюджет жобасында экономикалық квалификация жоқ. Оның функционалдық және басқару жүйесінен айырмашылығы, ол жалақы мен сыйлықақылар, тауарлар мен қызметтер, трансферттер немесе комиссиялық төлемдер, күрделі және іссапар шығындары туралы ақпарат береді. Оның болмауы мұндай санаттар бойынша шығыстарды жоспарлаудың жоқтығын және олар бойынша бюджеттің асып кетуіне мониторинг жүргізілмейтінін көрсетеді.

Жоғары аудиторлық палата басшысы жайлы

Жандосованың сөзінше, үшіншіден, Қазақстанның заңнамасындағы үлкен олқылық – Жоғары аудиторлық палата төрағасының Парламенттің немесе сот жүйесінің келісімінсіз қызметінен босатылуы. Бұрынғы президент кезінде де, қазіргі президент кезінде де палата басшысын президент тағайындап, алып тастай алады.

Қорлар ашық емес

– Төртіншіден, бюджеттен тыс әлеуметтік қорлар бойынша өткен жылдарда нөлдік бал байқалады. Қорлардың жұмысы ашық емес, – дейді Жандосова.

Атап айтқанда жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сеніп тапсырылған активтерді қайтаруға, қаржылық басқаруға байланысты қаражат бойынша ашықтық жоқ.

– Бесіншіден, біздің бюджетте актуарлық есептеулер (мысалы, демографиялық жағдай 10-15 жылдан кейін бюджет ауыртпалығына қалай әсер ететіні), салық шегерімдері, экологиялық және басқа да айыппұлдар сияқты мақсатты кірістерді бағалау бойынша деректер жоқ. Нөлдік рейтингке ие болған мәселелердің көпшілігі бюджетті талқылаудан қоғамның тыс қалуы, әсіресе жоспарлау, қоғамдық тыңдаулар өткізу, азаматтық қоғам ұсынымдарын пайдалану кезінде. Көпке белгілі кәдеге жарату алымын (утильсбор) жинаудан бастап, бүкіл ел бойынша бірыңғай уақытты енгізуге дейін көптеген шешімдер халықпен кеңеспей қабылданады.Өкінішке орай, үкімет те, парламент те саясаттың өзгеруіне байланысты кірістер мен шығындардың баламалы бағалауын естімейді, балама макроэкономикалық және фискалдық болжамдар жоқ. Бекітілген бюджет жылына 7-8 түзетуден өтеді, нәтижесінде 2022 жылға арналған нақтыланған бюджеттегі шығыстар бекітілген бюджетте 2 триллион теңгеге, ал кірістер  3 триллионға өскен, айырмашылық өте үлкен. Бұл бюджетті жоспарлаудың ақылға қонымсыздығын көрсетеді, – дейді ол.

Қаржы министрлігі не дейді?

Баспасөз мәслихатына келген Қаржы министрлігінің өкілі Зайфулла Ерназарова Қазақстан бюджетінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында ведомство шаралар қабылдап жатқанын, ол үшін Бюджет кодексіне өзгерістер енгізілетінін айтады. Десе де, сарапшылардың рейтингті көтерудегі ұсыныстары орындалуы үшін заң бойынша өзгерістер қажеттігін атап өтеді.