Франция полициясы Лувр музейін тонауға қатысты тағы бес күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Осылайша, атышулы іс бойынша ұсталғандар саны жеті адамға жетті. Ұрланған қымбат әшекейлер әлі табылған жоқ, деп хабарлайды жергілікті БАҚ Париж прокуроры Лор Беккоға сілтеме жасап.
БАСТЫ КҮДІКТІ ДНҚ ІЗІ АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЛДЫ
RTL радиосына берген сұхбатында прокурор Бекко күдіктілердің бірінің қылмыс орнында қалған ДНҚ ізі арқылы анықталғанын айтты. AFP агенттігі оны басты күдікті деп атады.
– Біз оны бақылауда ұстадық. Ал қалған ұсталғандар – оқиға туралы маңызды ақпарат беруі мүмкін адамдар, – деді Бекко.
ҚОСЫМША МӘЛІМЕТ ӘЗІРГЕ ЖАРИЯЛАНБАЙДЫ
Прокурордың айтуынша, күдіктілер туралы толық ақпаратты жариялау үшін әлі ерте.
АЛДЫМЕН ЕКІ КҮДІКТІГЕ АЙЫП ТАҒЫЛҒАН
AFP агенттігінің жазуынша, соңғы ұстаулар сәрсенбі күні екі күдіктіге ұрлық және қылмыстық сөз байласу бойынша ресми айып тағылғаннан кейін орын алған. Олар өткен сенбіде ұсталған. Біреуі елден шығып, Алжирге ұшуға әрекет жасағаны хабарланған. Екеуі де кінәсін ішінара мойындаған.