«Түсімнің 85% Ресейде»: Қазақстан ЕАЭО кеден бажынан алатын үлесін арттыруды көздеп отыр

Аян Өрібай

Қазақстан ЕАЭО кеден бажынан алатын үлесін арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы Сенат кулуарында Ulysmedia.kz тілшісінің қойған сұрағына жауап берген кезінде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.

gov.kz

Мәселе неден туындады

Соғыс басталғалы Батыс елдері Ресеймен көп салада экономикалық байланысын үзді. Енді экономикалық одақ елдеріне тауардың бірқатары одақ елдеріне Ресей емес, Қазақстан арқылы келіп жатыр. Конъюнктура өзгергендіктен, экономикалық одақ ішінде кедендік бажды қайта қарайтын уақыт келді.

Қазір экономикалық одаққа түсетін кедендік баждың 6,955%-ын Қазақстан, 1,9%ын Қырғызстан, 1,22%ын Армения, 4,86%-ын Беларусь, 85,065%-ын Ресей алып отыр.

Шаққалиев не дейді

– Орынды сұрақ. Бұл мәселені талқылаймыз. Әріптестеріміз Ресеймен, Беларусьпен. Біздің позициямыз – дұрыс айтасыз, ахуал өзгерді. Қазір баждардың пропорцияларын өзгерту керек. Соны өзгерту үшін біз жаңа әдістеме дайындап жатырмыз. Мәселе қараша айында қарастырылуы керек, – дейді ол.

“Сіздіңше баж салығы жағынан пропорция қанша болуы керек?” деген сұраққа министр нақты жауап бермеді. Бірақ кейбір сандарды келтірді.

– Қазір жаңа әдістеме бойынша оны есептеу керек. Өз тарапымыздан біздің үлесімізді міндетті түрде өзгерту керек. 8,9 немесе 12% бола ма – қазір сізге нақты айта алмаймын. Себебі жаңа әдістеме бойынша бізде бірінші қадам – келісу керек. Содан кейін біз есеп жасаймыз. Есептегеннен кейін ғана белгілі болады, – дейді ол.

“Қазір сізде болжамды есеп бар шығар” деген сұраққа министр жауап бермеді.