Театр қызметкерлерінің айлығына бюджеттен қанша қаражат бөлінді – Бектеновтің жауабы

Аян Өрібай

Мәжіліс депутаты Сергей Понамаренко бұған дейін «Астана Опера» опера және балет театрының шығармашылық құрамы мен өндірістік-техникалық персоналының айлығын арттыру бастамасын көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған еді. Бектенов «Астана Операны» басқа театрлардан бөліп жармай, жалпы театр қызметкерлерінің айлығына қанша қаражат бөлінетінін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

“Мәдениет туралы” заңға сәйкес, Қазақстанның бюджет заңнамасында белгіленген тәртіп бойынша театрлардың шығынын жабуға бюджеттен субсидиялар бөлінеді. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте театр қызметкерлерінің жалақысын 20% арттыру үшін жыл сайын 581 812 000 теңге сомасында шығыстар көзделген. Соның салдарынан субсидиялар мөлшері 90% - дан 92% дейін ұлғайтылғанын атап өту қажет. 

– Бүгінгі таңда Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпараты бойынша 369 174 000 теңге театр қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қорына қосымша ақы төлеуге қайта бөлінген. Бұл биылғы жылдың қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін шығармашылық құрам мен өндірістік-техникалық персоналдың жалақысына 30% мөлшерінде үстемақы анықтауға мүмкіндік берді. 2024 жылға арналған республикалық бюджетті түзету шеңберінде республикалық бюджет комиссиясының шешімімен емдеу-сауықтыру жәрдемақыларын төлеу үшін 294 457 000 теңге сомасында шығыстар қолдау тапты, – делінген жауапта.

Бектенов сондай-ақ, 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында театрды субсидиялауға жыл сайын 6 027 171 000 теңге сомасында шығыстар көзделгенін хабарлайды. Оның ішінде сауықтыру бойынша жәрдемақы төлеу үшін 258 886 000 теңге бөлінеді.

– Бұдан басқа, бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау жөніндегі жұмыс топтарында театр қызметкерлерінің алдағы жылдарға арналған жалақысын арттыру мәселесі қаралып жатыр. Шешім қарау қорытындысы бойынша қабылданады.

БЮДЖЕТ ЖАЙЛЫ

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бұған дейін Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан түсетін трансферттерді пайдалануды жалғастыратынын айтқан еді. Дегенмен уақыт өте келе бұл тәжірибеден бас тарту жоспарланған. Осы жылдың алғашқы сегіз айында мемлекеттік бюджеттің кірісі 94% орындалған. Алайда республикалық бюджеттің жағдайы алаңдатады, өйткені оның кірісі 84% дейін төмендеген. Байбазаровтың айтуынша, кірістер импорт пен экспорт түсімдерінің төмендеуіне байланысты азайып кеткен.

– Үшінші елдерден импорт тұрақты түрде төмендеп келеді, бұл да табыстың азаю себептерінің бірі, – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, Үкімет былтыр 590 миллиард теңге сомасындағы қарызды қоса алғанда, триллион теңгеден астам қосымша құн салығын қайтарған. Бұл да бюджеттің кіріс бөлігіне әсер еткен.