Қосымша құн салығын 20% көтеру облыс бюджеттеріне ауыр тигелі тұр

Аян Өрібай

Аталған мәселе бүгін сенатта көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Ulysmedia коллажы

ШЫҒЫН СОМАСЫ ҚАНША

Сенатор Орынбек Бекболатов бюджет кодексінің жобасы талқыланған сенат отырысында осы мәселені айтты. Сөзінше, бүгінгі таңда көп талқыланған тақырыптың бірі – қосымша құн салығының мөлшерлемесін 12 пайыздан 20 пайызға арттыру болып отыр. Егер осы ұсыныс шешімін тапқан жағдайда әлеуметтік салықты жою ұсынылады. Ал аталған салық жергілікті бюджеттердің төрттен бір бөлігін құрап, маңызды кіріс көздерінің біріне айналған.

Ол бәрімізге белгілі. Бюджет кодексінде бөлу нормативтеріне сәйкес, әлеуметтік салық, облыстық және аудандық бюджет қалды. Ал кейбір корпоративті және жеке табыс салық үшінші, төртінші деңгейге беріліп отыр. Бұл қаншалықты орынды екені көп талқыға түсті. Әлеуметтік салық жойылса, облыс бюджеттерінде қандай қаражат қалады? Шығындардың болжамды сомасы қандай? Облыстық бюджет қайдан құралады? – деп сұрады сенатор үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннен.

ӘЛІ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНҒАН ЖОҚ

Сұраққа жауап берген Серік Жұманғарин қосымша құн салығын арттыруға байланысты шешім қабылданбағанын айтады. Ал облыстық бюджеттерде тек осы әлеуметтік салық қалған. Қалғаны үшінші төртінші деңгейде бөлінген.

Сол себепті еңбекті төлеу қорын басқа төлемдерді алып тастаймыз деген ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ нақты айтайын: қазір максималды деңгейде болса, облыстардың шығыны 1,6 трлн теңге. Бірақ біздің бюджет кірісі 5-7 трлн теңге. Сол себепті қаражат толығымен трансферт арқылы жергілікті бюджеттерге субвенция беруге жетеді. Бірақ тағы да айтайын, шешім әлі қабылданған жоқ (ҚҚС бойынша). Сол себепті қазір ешқандай қорқынышты жайттар жоқ. Бірақ ертең облыстық бюджетке қаражат жетпесе… Осы жылы тағы да үш жылдық цикл басталады. Жалпы сипаттағы трансферттерді бөлу керек. Әр облыстың жағдайын қарап, субвенция бөлеміз, – дейді Жұманғарин.

ӘШІМБАЕВ НЕ ДЕЙДІ

Осы мәселе турасында сенат төрағасы Мәулеш Әшімбаев сөз алып, тақырып сенаторлар арасында ең қызу талқыланып жатқанын айтты. Оған дейін аудандық, ауылдық деңгейдегі бюджет мәселе көтерілген.

Бюджетті толтырып, тұрақтылығымен айналысу керек. Бірақ осы мақсатқа жетеміз бе? Үшінші және төртінші деңгейдегі бюджетті бүтіндейміз деп, облыстық бюджетті әлсіретіп алмаймыз ба деген әңгіме ғой. Салықтар аудандық, ауылдық деңгейде өтіп кетсе, функциялар облыста қалып қалса, сіздерден ақша сұрау керек. Облысқа ертең біраз қиындық туғызбаймыз ба? Үкіметтің логикасын түсініп жатырмыз. Аудан әкімдерінің сайлауын кезінде қаржысын қамтамасыз ету керек. Ары қарай да заң қабылданып жатса, осы концепцияны қолдаса, әрі қарай қалай жүзеге асырылады – соны мұқият қарауымыз керек, – дейді ол.

Әшімбаев жарты, бір жылдан кейін проблемалар туындаса, тиісті өзгерістерді бюджет кодексіне енгізу керек деп есептейді.