Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин мәжіліс депутаттарының мобильді аударымдарға байланысты ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМАНҒАРИННІҢ ЖАУАБЫ
Депутаттар бұрын азаматтардың бір айдағы ақша аударымы 1 млн теңгеден асса ғана бақылауға алу керек деп ұсыныс білдірген. Үкімет бұл ұсынысты қолдамайды.
Егер жеке тұлғаның айлық табысы 1 млн теңгеден асса ғана мобильді аударымдарға мониториң жасау ұсынысы салық салу жүйесінің әділдік принципіне қарама-қайшы деп есептейміз. Мониториңге жататын төлемнің төменгі шегін 3-5 мың теңге мөлшерінде белгілеу жөніндегі ұсыныс та қолдау көрмейді, өйткені бөлшек сауда саласында бір тауардың құны одан аз болуы мүмкін, бірақ жалпы тауар айналымы айтарлықтай жоғары, – дейді Жұманғарин.
Вице-премьер 2027 жылы 1 қаңтардан бастап (барлық жеке тұлғаның 2026 жылы кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуын ескере отырып) мемлекеттік кіріс органдарына мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдарды, сондай-ақ олардың жұбайларын заңсыз байытуды анықтау жөніндегі функция жүктелгенін еске салады. Оған сәйкес, мүлікті сатып алуға арналған шығындардың, олардың табысына сәйкестігі бақылауға алынады. Кірістер мен мүлік туралы декларацияларда көрсетілген мүлікті сатып алуға арналған шығындарды жабу көздері жайлы мәліметтер тексеріледі.
Осы тұлғалардың кірістерінен 1000 АЕК (2024 жылы 3,7 млн теңге) артық шығын анықталса алшақтық сомасына 10% ставка бойынша ЖТС салынуға тиіс және бұл мәліметтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберіледі, – дейді Жұманғарин.
МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТ
Бұған дейін ақша аударымына лимит қойылуы мүмкін екені хабарланған болатын. Сіздің шотыңызға 3 айдағы аударымдардың жалпы сомасы 1,02 миллион теңгеден асуы тиіс. Ақша аударымы бұл сомадан асқан жағдайда ғана деректер салық қызметкерлеріне жіберіледі. “Қаржы министрінің тиісті бұйрығы қазіргі уақытта Ұлттық банктің қарауында", деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері. Яғни, бұған дейін тек қатарынан 3 ай бойы 100-ден астам адамнан аударым қабылдаған жеке тұлғалар бақылауға алынатын. Мұндай жағдайда, аударым қабылдаған жеке тұлғаның ЖСН-і мемлекеттік кірістер комитетіне жіберіледі, ал тұлғаның өзіне камералдық бақылау жүргізу туралы хабарлама жолданады. Ол не себепті осыншама аударым алғанын түсіндіруі керек. Бұл талапты орындауға 30 жұмыс күні беріледі. Егер адам бұл хабарламаға жауап бермесе, оның шығыс операциялары уақытша тоқтатылады.
ДЕПУТАТТАР НЕ ҰСЫНДЫ
«Ақ Жол» партиясының депутаттары мәжілісте мобильді аударымдарды тексеру мәселесін қайта көтерген еді. Олардың айтуынша, заңның қазіргі редакциясы бизнеске және қарапайым қазақстандықтарға зиян тигізеді. Азат Перуашев мобильді аударымдарды бақылау тәсілін Ресей тәжірибесіне сүйене отырып қайта қарауды ұсынған. Ресейде 2020 жылдан бері мониторинг тек күніне 30-дан астам аударым қабылдайтындарға жүргізіледі. Әр аударымның сомасы кемінде 1000 рубль (шамамен 5,5 мың теңге), ал айлық сома миллион рубльден (шамамен 5,5 млн теңге) асуы керек.