Қазақстан ұлттық банкі қаржы нарығы қатысушылары арасында сауалнама жүргізіп, негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша болжамдарын жинады. Қаржы секторының өкілдері 2027 жылға дейінгі болжамдарымен бөлісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Валюта және мұнай бағасы
Сауалнама қорытындысына сәйкес, 2026 жылы доллардың теңгеге орташа жылдық бағамы – 552 теңге, 2027 жылы – 568 теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Brent маркалы мұнайдың бағасы 2025 жылы барреліне $69, 2026 жылы — $65,6 және 2027 жылы — $64,7 болады деп болжанған.
Экономикалық өсім және инфляция
Қазақстан экономикасының өсімі 2025 жылы 5,6 пайыз деңгейінде болжанса, 2026–2027 жылдары ол 4,8 пайызға дейін баяулайды. Инфляция 2025 жылы 12 пайыз, 2026 жылы 10 пайыз, ал 2027 жылы 7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Базалық мөлшерлеме
Ұлттық банктің базалық ставкасы 2025 жылдың соңында 16,6 пайыз, 2026 жылы 14,8 пайыз, ал 2027 жылы 12 пайызға дейін төмендейді деген болжам бар.
Сыртқы сауда
Экспорт көлемі 2025 жылы – $90,4 млрд, 2026 жылы – $88 млрд, ал 2027 жылы $92,7 млрд құрайды деп күтілуде. Импорт көлемі тиісінше: 2025 жылы – $75,1 млрд, 2026 жылы – $76,6 млрд және 2027 жылы – $77,9 млрд болады.
Сауалнамаға қатысқан сарапшылар теңгенің біртіндеп әлсіреуін, экономикалық өсімнің баяулауын, инфляция мен базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуін күтуде.