Бұл мәселені қоғам белсендісі Парламент Мәжілісінің қабырғасында көтерді. Мәжілістегі бүгінгі жиында «Ұлттық қордан 2022 - 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы қаралған болатын, деп хабарлайды ulusmedia.kz тілшісі.
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының бюджетке беруі тиіс дивиденттері туралы сұрағым бар. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік бюджетке ақша жетпей жатқан қазіргі жағдайда бұл сұрақ алғаш рет көтеріліп келе жатқан жоқ. Біз алдымен осы компаниялар тобының мемлекет бюджетіне төлеуі тиіс дивиденттері 140 млрд теңгеге дейін өсуі керектігін мәселе етіп көтердік. Жалпы біз бұл компаниялар тобының табысы 900 млрд теңгеден асатынын білеміз ғой. Бұл қаражатты «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы мемлекетке бере ме, жоқ па?» - деп сұрақ қойды Үкімет мүшелеріне Мұхтар Тайжан.
Бұл сұраққа Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева жауап берді.
«Бұл жерде «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының дивиденттері мемлекет бюджетіне биыл түсті ме деген сұрақ қойылып жатыр. Биыл «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының 110 млрд теңгелік дивиденттік жоспары әлі өзгерген жоқ. Есеп бойынша мен бұл қаражаттың бірден немесе бөлшектеп түсіп жатыр ма – білуім керек. Алайда түсімдерді түсу жоспарын азайтуды Үкіметте жоспарлаған емес. Келесі жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобынан түсетін дивиденттер дәл биылғыдай 110 млрд теңгеден кем емес сома болатыны күтілуде», - деді ол.
Алайда бұл сұрақтың жауабына Мұхтар Тайжан қанағаттанбайтынын мәлім етті.
««Самұрық-Қазына» компаниялар тобынан келетін дивиденттердің 110 млрд теңгелік мөлшері – өте аз сома. Біз бұл топтың табысын жақсы білеміз. Ол жерде жаңа айтқанымдай, түсім 900 млрд теңгеден асады. Осы соманың барлығы заң бойынша дивидент ретінде өзінің акционеріне, яғни мемлекеттік бюджетке түсуі керек», - дейді Мұхтар Тайжан.
Аян Өрібай