×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Көбі сыдыртпа жауап береді – кабмин жауабына депутаттардың неге көңілі толмайды

07.12.2023, 08:56
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әр аптаның сәрсенбісінде мәжіліс депутаттары үкімет мүшелеріне, көбінесе премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзіне сауал жолдайды. Мәжіліс депутаттарының бұл құрамының бір ерекшелігі де сол – үкіметке үйіп-төгіп сауал жолдау. Айтуға келгенде аянып жатқан жоқ. Десе де осы сауалдардың жауабына мәжілісмендердің көңілі тола ма?

Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты депутаттардың өзіне қойып көрді.

Олар «әдеттеніп» алған

«Жоқ. Содан кейін екі-үш рет қайта жазам мен мысалы. Көбі «отпискамен» жауап береді. Содан кейін көп ақпараты қате. Айтыс туралы мәселен, сауал жолдадым. Ақпараттары қате», - дейді Ринат Зайытов.

Депутаттың сөзінше, кабмин мүшелері «әдеттеніп» алғанын айтады. «Стандартты жауаптар келіп жатыр ма?» деген сұраққа «стандарттан да жаман» деп жауап берді. «Көбі құтылу үшін берілетін жауаптар» дейді Зайытов.

«Жауаптылардың деңгейінің төмендігін көрсетеді»

Үкіметке белсенді түрде сауал жолдайтын депутаттардың бірі – Болатбек Әлиев. Ол көбінесе аграрлық саладағы мәселелерді көтереді.

«Депутаттық сауалды мен де жолдап жатырмын. Көп жауап келіп жатыр. Бірақ көбі жалпылама сөздер. Яғни тақырыпқа сай емес. Мұны немқұрайлылық немесе сол жауапты жолдаған мемлекеттік қызметкердің, министрліктің немесе мемлекеттік органның жауапты азаматының деңгейінің төмендігін көрсетеді деп ойлаймын. Біз сол деңгейді көтеру жағынан көп жұмысты атқарып жатырмыз», - дейді ол.

Болатбек Әлиев заң шығарушы орган мен атқарушы биліктің мақсаты бір екенін, ол – елдің әл-ауқатын көтеру екенін айтады. 

«Сыдыртпа жауап үлгісі әлі қатты өзгере қойған жоқ»

Биыл маусымда өткен парламент палаталарының бірлескен отырысында төменгі палата спикері Ерлан Қошанов парламентке есеп беруге келетін шенділердің дайындықсыз келетінін сынға алған еді. Оның алдында, депутат Аманжол Әлтаев үкімет мүшелеріне «отписка жасауды қашан қоясыздар» деп сынаған. Ол тұста Әлтаев халықтың ішінде «депутат айта береді, үкімет өз білгенін істейді» деген сөз барын айтып, мемлекет басшысының халық үнін еститін мемлекет тұжырымдамасы орындалмай отырғанын айтқаны бар. «Содан бері жағдай өзгерді ме?» деп Әлтаевтан сұрадық.

«Одан бері жағдай түбегейлі өзгерді деп айта алмаймын. Сыдыртпа, шығарыпсалма жауап үлгісі әлі қатты өзгере қойған жоқ. Дегенмен, бірер депутаттық сауалдарда нақты жауаптар бар. Бірақ тұтастай алғанда ахуал күрт өзгерді деп айта алмаймын. Сондықтан, әлі де болса, үкімет мүшелеріне, министрлерімізге депутаттар тарапынан әрбір сауалға баса мән берулерін талап етеміз, сұраймыз», - дейді Аманжол Әлтаев.

«Шақырып алып сұрақ қоямыз»

Депутат Снежанна Имашева үкімет тарапынан әртүрлі жауап келетінін айтады. Көбінесе жауаптарға депутаттардың көңілі толмайтынын айтады. 

«Бірақ маңызды сұрақтарға үкімет мүшелерін осында шақырып алып, осы жерде қайталап сұрақтарды қоямыз. Жалпы жауаптарды шикі береді, толық ашпайды. 
Заңға қарасақ, депутаттық сауалдың мақсаты – ақпаратты сұрату және мемлекеттің позициясын білу. Сондықтан, үкімет сол заңның аясынан шықпай, ақпарат береді, екінші позициясын білдіреді», - дейді Имашева.

«Әр сауалымның соңында ескертем»

Депутат Кенжеғұл Сейітжанның да жауаптарға көңілі толмайды.

«Үйтті, бүйтті деп жалпылама жауап береді. Әр сауалымның соңында сыдыртпа жауап жібермеңіздер деп айтам. Екі-үш рет айттым. Соңғы жібергендеріме жауап келген жоқ. Ал алдыңғыларында мен міндетті түрде айттым», - дейді ол.

«Бұл жолы жауап береді деп ойлаймын»

«Маған да бұрын сыдыртпа жауап берген. Бірақ бұл жолғысына (су мәселесі бойынша жіберген) мен жауап береді деп ойлаймын. Себебі оған толық фракция қол қойды. Әріптесім Бақытжан Базарбек те осы мәселені көтерді. Ол да қосымша осы мәселеге қатысты», - дейді депутат Сергей Пономарев.

Пономаревтің сөзінше, суды үнемдеу мәселесін волонтерлер де түсіндіруі керек.

Серіктес жаңалықтары