Латын әліпбиіне көшу неліктен кешіктіріліп жатқаны белгілі болды

Ulysmedia

Елімізде латын әліпбиінің қашан қолданысқа енгізілетіні әзірге белгісіз болып отыр. Өйткені жаңа әліпбиді әлі де жетілдіру керек екен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Abai.kz

Мамандардың сынағынан өтті

Жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, оған көп уақыт кететін көрінеді.

31-арнаның Информбюро бағдарламасы Тіл саясаты комитеті өкілдері латын қарпін зерттеумен қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты және “Тіл қазына” ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары айналысып жатқанын хабарлады. Әсіресе, “и”, “й”, “ы”, “і” әріптерінің таңбалануына байланысты өзге тілдердің тәжірибелері ескерілген. 

Латын әліпбиі былтыр мамандардың сынағынан өткенін айта кетейік. Десе де қолданысқа енгізуге әлі де ерте дейді комитет өкілдері. Бұдан бөлек ғалымдар түбі бір түрік әлеміне ортақ әліпби жасау үшін де жұмыс істеп жатыр екен. 

Түркі тілдес халықтарға ортақ әліпби құрыла ма

2023 жылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі тілдес халықтарға ортақ әліпби құру бастамасын көтерген. Ал осы ортақ әліпбиге ел ғалымдары қазақ тілінен екі әріпті қосуды ұсынған. 

Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен өткен комиссия отырысында және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда түркі әлеміне ортақ әліпбиге байланысты сұрақ көтерілді. Онда Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан елдеріндегі Тіл білімі ғылыми-зерттеу институты мамандары қатысты. Қазақстандық ғалымдар ортақ әліпбиге қазақ тіліндегі “ұ” және “і” әріптерін енгізуді ұсынып отыр, – делінген ҚР Тіл саясаты комитетінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта. 

Латынға қай жылы көшетініміз белгісіз

Бұған дейін де Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов қазір латын графикасы бойынша жоба дайын екенін, бірақ латын әліпбиіне нақты қай жылы көшетінімізді айту қиын екенін айтқан. 

Қоғамда "латын әліпбиін әзірлеушілер үнсіз қалды, қабылданбайтын болды ма?" деген әңгімелер бар, оны әлеуметтік желіден оқып жүрміз. Анығында олай емес, дау-дамайсыз, осындай әдістемелік-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. "Ы" мен екі "И"-дің таңбалануы бойынша ғалымдар арасында пікір қайшылығы әлі бар. Әрине, Ахмет Байтұрсынов белгілеген 28 таңбамен шығуға болар еді, бірақ тіл де жаһанданусыз тұра алмайды. Тілімізге сырттан енген "В", "Ф", "Һ" дыбыстарын қалдыру керек пе, қалдырмасақ "футбол" сөзін қалай атап, қалай жазамыз деген мәселе бар. Әріпті қалдыру сырт көзге оңай көрінгенімен, бәрі емле ережесіне сай келуі керек. Сондықтан, ғылыми-сараптау жұмыстарын күшейтіп жатырмыз, – деді ғалым.