«Сөз – көп, нәтиже – жоқ»: Абзал Құспан кәсіпкерлер қылмыстық қудалауға ұшырап жатқанын айтты

Қалижан Бектемір

Белгілі құқық қорғаушы, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, кәсіпкерлер қылмыстық қудалауға ұшырап жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары бизнестің барлық ішкі шаруасына еркін араласып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Фото: Мәжіліс

Кәсіпкерлікті қолдау, оларды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау мәселесі әртүрлі деңгейде айтылып, жиі көтеріліп жүрген тақырып. Алайда, сөз көп, ал нақты іс, нәтиже жоқ десе де болады.

Қазіргі таңда отандық бизнес өкілдерінің басты қорқыныштарының бірі – ол қылмыстық қудалаушылық. Өйткені, құқық қорғау органдары бизнессубьектіге қылмыстық істі тіркеткен сәттен бастап, оның есепшоттарын бұғаттап, қызметтің немесе жұмыстың орындалуын тоқтатып, басқа тараппен шарт жасасуына, оның орындалуына тиым салып, бір сөзбен айтқанда бизнестің барлық ішкі шаруасына еркін араласып кете алады, – деді ол.

Бұл мәселеге де президент араласуы керек пе?

Депутат сот практикасының ала-құлалығы туралы бірінші рет мәселе көтеріп отырмағанын жеткізді.

Алайда, құқық қорғау огандары Президенттің ол тапсырмасында айналып өтудің жолын тапты. Енді олар мемлекеттік емес, жеке аудитор, жеке сарапшы, тіпті болмаса арнаулы білімі бар азаматтарды маман ретінде тарту арқылы, олардан түрлі тексеру актісі, аудиторлық есеп, маман қорытындысы, т.б. атаулармен қорытынды құжат алып, сол арқылы қылмыстық қудалауды бастап кететінді шығарды. Ал сот органдары болса, бүгінгі күні мемлекеттік емес ұйымдардың тексеру актілеріне бизнес өкілдерінен шағымды бірі қабылдаса, енді бірі қабылдаудан бас тартуда. Жалпы, сот практикасының ала-құлалығы  туралы бірінші рет мәселе көтеріп отырған жоқпын, сонда бұл мәселеге де Президент араласуы керек пе (сот актілері жалғанды: Ақмола МАЭС кәсіпкерлердің арызын қабылдап, мәні бойынша қараса, Астана қаласы МАЭС қабылдаудан бас тартты. Екеуі де жоғары тұрған сотпен заңды деп танылып, күшіне енген).

Тиісінше тергеу органдары тәжірибеде ойына келгенін істеуде. Нақты мысалдар:

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, яғни Антикор, бұдан бұрын экс-министр Бишімбаевқа қарсы іс бойынша Қызылордадағы шыны зауытының құрылысын, БҚО прокуратурасы Оралдағы тергеу изоляторының құрылысын қылмыстық іс аясында тоқтатып тастау салдарынан мемлекеттік бюджетке миллиардтаған қаржыға зиян келді. Басқа мысал, 2022 жылғы 8 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Алтын Орда» базары мәселесіне тоқтала келе Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне үкіметпен бірлесіп, базарға тәртіп орнатуды тапсырып, «Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау орган өкілдері атсалыссын. Екі ай уақыт беремін»,деген болатын, – дейді Абзал Құспан.

Мемлекет саясатына қарсы жасалып жатқан зымиян әрекет пе?  

Мәжіліс депутаты құқық қорғау органдары Президент тапсырмасын «орындады», атап айтқанда Алматыдағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бұрынғы басшысы Еркебулан Хамзин, «Алтын Орда» базары бойынша ЖШС-ның 95% үлесті тура екі айда өз атына рәсімдеп алғанын айтты.

Бұл не сонда? Мемлекет саясатының оң жүзеге асырылуына  қарсы жасалып жатқан астыртын зымиян әрекет пе?  

Айта берсеңіз бұндай мысалдарды жүздеп емес, мыңдап келтіруге болады. Нәтижесінде, мемлекетке материалдық тұрғыда зиян келуде, кәсіпкерлер өз бизнесінен айырылып, құқық қорғау органдарының «көмегімен» рейдерлікке ұшырауда.

Бұның өзі кәсіпкерліктің дамуына үлкен кедергі жасап, сот жүйесіне, жалпы билікке деген халықтың сенімін төмендетеді.

Кейбіреулердің де көксегені осы болса керек.

Ал Президентіміз кеше ғана жастармен кездесуінде заң мен тәртіптің диктатурасын орнату қажет екенін қадап айтқан болатын, – деді А. Құспан.

Сот практикасына шолу жасалуы керек

Осы орайда мәжілісмен Бас прокуратураға бірқатар ұсыныс айтты:

Осыған байланысты мен, Бас прокуратурадан ҚР Конституциясының 83-бабының талаптарына сәйкес, мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган ретінде, келесі нақты іс-шараларды атқаруды сұраймын:

  1. Құрылыс нысандары бойынша құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін қылмыстық істің СТБТ (ЕРДР) тіркеліп, құрылысты тоқтатып қойып, тергеу жұмыстары жүргізу практикасына тоқтау салуды;
  2. Президент айтқандай, азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға, яғни СТБТ (ЕРДР) тіркетуді біржолата тыйым салуды;

Ол үшін Республика бойынша қалыптасқан әртүрлі сот практикасына шолу жасап, бірізділендіру бағытында прокурорлық ықпал ету шараларын қолдануды, – деді ол.