Бүгін Алашорда көсемі - ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туған күні, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
5 наурыз – көрнекті қоғам әрі мемлекет қайраткері, ұлт азаттық Алаш қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы әрі Алашорда үкіметінің төрағасы, ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан дүниеге келген күн.
Ол 1866 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) туған.
1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым – Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан тағайындалады.
Әлихан Бөкейханов 1918 жылдан бастап өзiнiң Алашорда үкiметiнiң төрағасы қызметiне байланысты Семейде тұрды. Ол Алашорда үкiметiнiң Ұлт Кеңесi, Семей облыстық кеңесi, облыстық және уездiк Земство басқармалары, Алаш қалалық Думасы мен Алаш қалалық қоғамдық басқармасы тәрiздi болашақ мемлекеттiк басқару жүйелерiн құруға қатысты қыруар iстер атқарды. Сондай-ақ Алаш милициясы мен атты әскер полкiн құруда да елеулi еңбек сiңiрдi.
1920 жылы қазақ автонмиясын құру және оның территориясын белгiлеу жұмысы қаралған комиссияның отырыстары 12, 14, 18, 19-тамызда, яғни, бiрнеше мәрте өтедi. Осыған қарап-ақ, мұнда Сiбiр ревкомы мен Астрахань губерниясының қарауына өтiп кету қаупi туындаған жерлердiң құдай қарасып, Әлiмхан Ермеков мен Ахмет Байтұрсыновтың арқасында қазақтың бас меншiгiнде қалғанын аңғару қиын емес. Соңғы, 24-тамызда өткен қортынды жиында Ленин қаулының дайын екенiн, Әлiмхан Ермековтiң қайта жасалған баяндамасы бойынша заңдастыру қажет екенiн айтып, шешiм шығарады. Әлiмхан өз естелiгiнде Әлихан Бөкейхановтың осы жиыннан кейiн Лениннiң кеңсесiнде қалып қойып, бекiтiлген шекараға тездетiп қол қоюын өтiнген екен. Себебi, сол тұстарда таласқа түсiп жатқан облыстардың жетекшiлерi тағы да ұсыныстар жасап, Сталинге кiрмек ниетте болған көрiнедi. Ұлт көсемi Әлихан осыдан секем алса керек, тезірек заңдастыруға асыққан.
Сонымен, ұлы күрескерлер пәтуаға келген қазақтың жерi 1920 жылдың 26-тамызында «Қырғыз АКСР-iн құру және оның территориясын белгiлеу туралы декрет» деген атпен баспасөзде жарық көрдi.
1919-1920 жылдары жаңа үкіметтің белгілі жарлығы шығып, Алаш партиясының көсемдері мен саяси белсенділеріне «кешірім» жасалып, большевикттік қызметтерге жіберіле бастайды. Әлихан «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкімет» деп сипаттаған большевиктерге қызмет етуден бас тартады. Осы «оппозициялық қылығы» үшін 1920-1922 жылдары оған «буржуазиялық ұлтшыл» деген айдар тағылып, тергеулер жүргізіліп, айлап абақтыда да отырды.
Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың Семей түрмесiнен босап шыққаннан кейін, большевик көсемдері енді оны елінен кетуге мәжбүр етеді. Сөйтіп, 1922 жылдың күзінде Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. 1922 жылы Мәскеу қаласындағы Ұлттар істері жөніңдегі Халық комиссарияты жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, 1926-1927 жылдары Ресей Ғылым Академиясының ғылыми қызметкері қызметін атқарды. 1926-1927 жылдары Ерекше Комитеттің тапсыруымен С.П.Швецов басшылық еткен экономикалық, антропологиялық, этнографиялық экспедициясымен Қазақстанның зерттелмей кенже қалған өлкесі Адай үйезіне, қазіргі Атырау және Маңғыстау облыстарына аттанды. Ол үйездің табиғатын, экономикалық жағдайын, кіші жүз руларының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын зерттейді. Соңында жиналған материалдарды өңдеп, қорыңдылап, тиянақты ғылыми еңбек жазып, ол еңбегі экспедицияның басқа материалдарымен бірге жарияланады.
Ал 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «возглавлял контрреволюционную борьбу против Советской власти, устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов елінен тыс жерде – Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарды.
Соңғы тергеуде Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Бөкейханов ақтық сөзінде «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» деп мәлімдеді. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды. Сөйтіп, жаңа үкімет Алты Алаштың көсемі Ә.Бөкейхановты өлім жазасына кесе отырып, қазақ халқының ұлттық, ұлт-азаттық қозғалысының күре тамырын шауып тұншықтырмақ болды, қазақтың ұлттық намысын, сана-сезімін аяққа таптамақ ниетін танытты.
Әлихан Бөкейхан 1937 жылдың қыркүйегінде Мәскеуде сотталып, сол жерде атылған.
Ә.Н.Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бірақ КГБ осы жаңалықты халықтан 34 жыл бойы жасырып келді. 1989 жылы қайта отырыс өтіп, Бөкейханов тағы да ақталады.
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс - бар қазақтан
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі… – деп жырлаған.