«Қуыршақ болып жүргеніне намыстанамын» - Сәрсенбайұлы Назаров туралы

Ілияс Бақыт
Ulysmedia.kz\ЖИ

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы жерлес інісі мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың әрекеттері үшін ұялатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“СҰХБАТ БЕРСЕ ҰЯЛАМЫН...”

Сұхбатта журналист Рысбек Сәрсенбайұлынан жерлес інісі Ардақ Назаров туралы көзқарасын сұрайды. 

“Ардақтың мәселесін сөз еткім келмейді. Ардақтың аты аталса, бір журналистерге сұхбат беріп қалса мен ұяламын. Ыңғайсыз сезінемін өзімді. Сондай адамды қойған билікте де ес жоқ қой. Таңдағаннан кейін басқа бір адамды таңдау керек еді. Оның қуыршақ болып жүргеніне мен намыстанамын. Ол мені өткізбес үшін (ред. мәжіліс депутаттығына) ойлап тапқан адамдары ғой ”- дейді Сәрсенбайұлы “Садақ” порталына берген сұхбатында.

Кейін Сәрсенбайұлы Ардақтан басқа азаматтардың өзіне жол бергенін, тіпті мұндай шешімге ауыл ақсақалдарының бас болғанын айтады. 

“Мәселен Қайрат Нұрқаділов бас тартты. “Мен ағаның жолына тұрмаймын. Ол кісінің тәжірибесі, саясатта жинағаны, күрескерлігі бар. Менен гөрі осы кісі пайдалы” деді. Ол ақылды, саналы шешім. Оны ешкім күштеген, үгіттеген жоқ. Елдің ақсақалдары ойланып ақылдаса келе қазіргі қоғам үшін кім лайықты, сол баруы керек. Басқа соған кедергі жасамасын нәрсемен мені қалады. Ардақ оны қалған жоқ. Үлкенді сыйлаймын деген Ардақ “әкем ақыл айтты, батасын берді” деп әкесін сыйлады да әкесін он. жүз орап алатын адамдарды тыңдамады..”- дейді  Рысбек Сәрсенбайұлы. 

РЫСБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Рысбек Сәрсенбайұлы — танымал журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері. Ол 1951 жылы 8 маусымда Алматы облысының бұрынғы Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1973 жылы «Советтік шекара» аудандық газетінің тілшісі ретінде бастаған. Кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, бас директор, вице-президент қызметтерін атқарды. 2005 жылдан бастап оппозициялық бағыттағы «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеп, вице-президент, президент, бас редактор лауазымдарын иеленді. 2017 жылдың ақпанында бас редакторлық қызметінен кеткен. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2021 жылы 70 жасқа толды.

НАЗАРОВТЫҢ НАЗАР АУДАРТҚАН ӘРЕКЕТТЕРІ

Еске салайық, депутат Ардақ Назаров мәжіліс отырысында депутаттық сауал жолдарының алдында шешесін туған күнімен құттықтаған болатын. Ары қарай премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауалын жолдап, Қазақстан әскеріне қатысты ұсыныс айтып, бірнеше сұрақ қойды. Қазнет қолданушылары депутаттың бұл әрекетін түсінбей, қызу талқылады. Олар депутат мәжілісті өзекті мәселе көтеріп, проблемалар туралы айтудың орнына туған күнмен құттықтауға арналған “алаң” ретінде қолданғанына наразы болған.

Оған дейін Ардақ Назаров Түркістан қаласының ерекше мәртебесін талқылау кезінде бір көзге түскен.

“Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп, көшеде жүруге заңның аясында тыйым салсақ...”- деген. 

Енді бірде Назаров “ажырасатын жұптарға тыйым салу керек” деп ел назарын аударған еді.