Атырауда 16 жастағы баланы қағып, қашып кеткен әйел ұсталды

Ulysmedia

Атырауда көлігімен 16 жастағы жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен әйел ұсталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 29 қазан күні сағат 21:30 шамасында болған.

«Атырау қалалық полиция басқармасының 102 операторына «Өркен» шағын ауданындағы Сатыбалдиев көшесінде BMW маркалы көлігі жол жиегінде кетіп бара жатқан жасөспірім баланы қаққаны жөнінде хабар түсті. Алайда, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты патрульдік полиция мен жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 16 жасар жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен 1988 жылғы әйел ұсталды», - делінген хабарламада.

Шетелдік көлік қаққан 16 жастағы жасөспірімнің оң аяғы сынған. Қазір жасөспірім облыстық балалар ауруханасында жатыр. Ал, 33 жастағы жүргізуші әйелге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабымен қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды.