Нұр-Сұлтанда жұмыс берушілерден ірі көлемде ақша ұрлаған бала күтуші ұсталды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Polisia.kz-ның мәліметінше, полицияға арызданған қала тұрғыны оның пәтерден 8700 АҚШ долларын ұрлағанын хабарлаған.
Арызданушының айтуынша, ол ақшаны ұрлаған 35 жастағы бала күтуші деп күдіктенеді. Бала күтуші арыз жазған отбасыда осы жылдың тамыз айынан бері жұмыс істеп келген. Пәтер қожайындарының жоқтығын пайдаланып, жатын бөлмеде тұрған әйелдің әмиянынан ақша ұрлаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында ұрлық жасаған күдікті тұрғылықты жері бойынша ізін суытпай ұсталды. Ұрланған қаражат онымен бірге табылып, тәркіленді. Әйел екі мың долларды айырбастап үлгерген, бірақ ұсталып қалуына байланысты ұрланған ақшаны пайдаланып үлгермеген.