Қолдан жасалған қаһарман ба? Полиция «Дикий Арман» туралы ақпарат беруден бас тартты

Аян Өрібай

«Дикий Арман» атанып кеткен Арман Жұмагелдинов жайлы БАҚ-та да, әлеуметтік желілерде де ақпарат көп. Алайда оған және оның әрекетіне Қазақстанның ресми органдары нақты баға бермей отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

«ДИКИЙ АРМАН» ІЗДЕУДЕ ЖҮР МЕ?

Арман Жұмагелдинов жайлы қызу әңгіме Белградта бокстан өткен әлем чемпионатында қайта өрбіді. Оның жеңілген боксшыларға ақша таратуы едәуір талқыланып жатыр. Әрекетін даттап та, мақтап та жатқандар бар. Осыған байланысты ішкі істер министрлігіне бірнеше сұрақ жолдағанбыз. Атап айтқанда, Арман Жұмагелдиновтың Қазақстанда қай жылдары қанша рет қай бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, оның іздеуде жүргенін немесе жүрмегенін, іздеуде жүрсе ол қылмыстық кодекстің қай бабымен қуғындалғанын білмек едік.

Алайда министрліктен мынадай қысқа ғана жауап келді.

«Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес дербес деректерді тарату субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылады».

Заңға сүйенген министрліктің баспасөз қызметі 2021 жылдың маусым айында Арман Жұмагелдиновтың Нұр-Сұлтан қаласындағы полиция бөліміне не үшін жеткізілгенін де түсіндірген жоқ. «Жабайы Арманның» Қазақстанда емін-еркін жүріп-тұруына заң тарапынан шектеу бар-жоғы да белгісіз болып қалды.

БИЛІКТІҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

Ресми органның медиалық адамға айналып үлгерген Арман Жұмагелдинов жайлы пікір білдірмеуі заңды ма, жоқ па деген сұрақты белгілі заңгер Абзал Құспанға қойып көрдік. Оның айтуынша, «Жабайы Арман» - қылмыс әлемінің серкесі ретінде танылған тұлға. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

«Оған тіпті үкімет те, билік те белгілі бір дәрежеде мүдделі болды деп өз басым ойлаймын. Өйткені ол туралы ақпаратты билікке қарайтын бұқаралық ақпарат құралдарының өздері де еш қымсынбай тарата береді. Осы кезге дейін қылмыс әлемінің бірде-бір серкесіне ондай жарнама жасалған жоқ. Сөздің тура мағынасында айтып отырмын – бұл жүріп жатқан жарнама! Оның ешқандай қылмысқа қатысы жоқ болса, онда ішкі істер министрлігі «ол адамның қылмыс әлеміне ешқандай қатысының бары туралы бізде мағлұмат жоқ» деген жауапты беруге міндетті деп есептеймін», - дейді заңгер.

Абзал Құспан бірнеше жылдан бері БАҚ арқылы оның осы қылмыс әлемінің серкесі, оның Ресейде дәл солай аты шыққан адамдармен қатысының бары, ол тұрып жатқан қонақ үйде атақты қылмыс әлемінің серкесі өлтірілгендігі, дәл сол отырыста Арманның болғаны туралы ақпарат – бүкіл Қазақстанда емін-еркін таратылып жатқанын айтады.

««Жабайы Арман – қылмыс әлемінің серкесі екен» дегенді бізге өстіп сіңірді. Бұған мемлекеттің қатысы бар деп ойлаймын. Сол себепті медиалық тұлғаға айналған адамның қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па деген ақпаратты беруге міндетті деп есептеймін. Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң (Ақпаратқа қол жеткізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ) бар. Ол заңды қарасаңыз, мәліметтің қандай жағдайда қандай көлемде берілуі керектігі реттелген. Егер «Жабайы Арманға» қатысты Қазақстанда қозғалған қылмыстық істер болмаса, егер ІІМ-де бұл кісі қылмыс әлемінің серкесі ретінде арнайы тізімде жоқ болса – онда бұл адамға қатысты бізде ешқандай мәлімет жоқ деген жауапты беруге тиіс болған», - деп түйді сөзін Абзал Құспан.

«ТИТУШКАЛАРДЫ» ПАЙДАЛАНУ КӨРШІ ЕЛДЕРДЕ ДЕ БАР 

Ашық ақпарат көздері мен әлеуметтік желілерде Арман Жұмагелдиновты «биліктің қолшоқпары» деген ақпараттар да бар. Шынында солай болуы мүмкін бе? Солай болған жағдайда Арманды астыртын қолдаушылар кейін оны пайдалануы мүмкін бе деген сұрақты саясаттанушы Расул Жұмалыға қойып көрген едік.

«Қаншалықты қолдан жасалғанын немесе жасалмағанын кесіп айта алмаймын. Түрлі қарама-қайшы ақпарат тарап жатыр. Ол әсіресе кейінгі жылдары, шын мәнінде медиа тұлғаға айналып кетті. Әлеуметтік желілерде, ютубта ол туралы мәлімет көп. Біріншіден, менің ойымша, осы мәселеге жауап беретін ішкі істер министрлігі бола ма, құқық қорғау органдары бола ма – анық-қанығын келтіріп, нақты баға беру керек. Шын мәнінде ол қылмыскер ме? Иә болмаса заң алдында таза ма? Бұған дейінгі жауапкершілігін өтеді ме? Заңбұзушы болса қалайша астанаға емін-еркін келіп кетті? Заң бұзбаса – бұзбады, таза адам дегендей ақпарат болуы керек», - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, «Жабайы Арманды», оның тобын биліктің кейбір жандайшаптары кезінде қолданған. Президент сайлауы алдында оппозициялық әрекет ретінде пайдаланған.

«Сол кезде ауыз жаластық болды ма? Шын мәнінде мұның артында не тұр? Ресми биліктің қылмыстық топтың серкесін пайдаланғаны - барып тұрған шындық. Менің ойымша, бұған сол кезде де саяси баға берілген жоқ. Қазір де сол. Кезіндегі ауыз жаластық қазір қалды ма, әлде қалмады ма? Меніңше, осындай күдікті сейілту үшін кезінде сондай жағдайлар болды немесе болмады деп нақты жауап беру керек. Кезінде оны арам пиғылдарында пайдаланғандар қазір де пайдалануы мүмкін ғой. Ондай жағдайлар басқа елдерде бар. Өкінішке қарай, Ресейде, Украинада «титушка» деп аталатындарды білесіз. Қарапайым азаматтарға дөкейлерді, спортшыларды пайдалану көрші елдерде бар тәжірибе», - дейді Расул Жұмалы.

Саясаттанушы Арман Жұмагелдиновтан ақша алған спортшыларды еш кінәлауға болмайтынын айтады. Себебі жас спортшылар Арманның кім екенін білмеуі де мүмкін.

«Тиісті мекемелер ауыз толтырып ақпарат бермесе, олар Арманның кім екенін қайдан білсін? Бәлкім, жерлесіміз, ағамыз көмек жасап жатыр деп ойлаған шығар. Боксшыларды бастап барған аға буын өкілдері бар. Олар осындай бір кикілжіңдер болмас үшін бағыт-бағдар беріп отыруы керек. Көрінген адаммен, оның ішінде бәлкім қылмыскермен кездесіп жатса – ол не болғаны? Бұл жерде меніңше, кінә – жас спортшыларда емес, тиісті ақпаратты бере алмай отырған ресми мекемелерде. Сол делегацияны бастап барған ұйымдастырушыларда. 20-25 жастағы жігіттер қайдан білсін? Спортшыларға бас-көз болып жүруі керек. Олардың ақшалай тиын-тебен алып отырғаны да, меніңше, материалдық жағын ойландырады. Осы спортшыларымыз тиісті ақшалай демеуді өз елімізде алып отыратын болса, басқаға кіріптар болмайтын шығар», - деп түйді Расул Жұмалы.