Иордания патшайымына бойтұмар жасаған қазақ зергерін білесіз бе?

Дастан Кенжалин

Белгілі зергер, он саусағынан өнер тамған реставратор, коллекционер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Карл Фаберже орденінің иегері Берік Әлібайдың қолынан шыққан дүниелер ел-елді, жер-жерді аралап, Иордания Корольдігінің астанасы – Амман қаласына да жетті, деп хабарлады Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

ПАТШАЙЫМ БОЙТҰМАРДЫ ТАСТАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Қазір оның жасаған бойтұмарын Иорданияның патшайымы Рания әл-Абдалла мойнына тағып, тастамай жүр. Ол қазақ зергерінің бойтұмарын салтанатты жағдайда болатын түрлі іс-шараларда да тағып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Осы кезге дейін зергердің қолынан көп дүние шыққан. Ол елді қызының ұзатылу тойына арнап қымбат бағалы сәукеле жасап та тәнті еткен. Қазір оның жеке музейі бір баға жетпес мұражайға айналған. Онда домбыраның, самаурынның, кілемнің, басқа да заттардың жүзден астам түрі бар.

ҰЛТТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІН САҚТАУ – ҰЛЫ МҰРАТЫМ

Зергер ұлттық дәстүрді сақтауға барынша күш салып келеді. Қазіргі кезде интернет әлемінен әшекейдің түр-түрін табуға болады. Оның айтуынша, бүгінде түрлі мәнермен жасалған әшекейлерге қарап отырып, оған өз қиялыңды қосып, заманауи стильмен жасасаң да ешкім кедергі келтірмейді.

Бірақ ұлтымыз үшін бағалы, оның қоршаған ортаға, өмірге, өнерге деген көзқарасын көрсететін қолданбалы өнерін, басқа халықтарда қайталанбайтын бірегей үлгісін, ерекшелігін сақтау – ұлы мұратым, - дейді ол.

Елімізде оң қолынан өнер тамған зергерлердің жасаған дүниелерін әншілер мен басқа да өнер иелері тағып жүр. Қазір отандастарымыз қол өнер шеберлерінің әшекейлеріне қызығушылық білдіріп келеді.