Атырау облысы әкімінің журналистерге тартуы туралы депутаттар не деді

Ulysmedia

Ulysmedia.kz журналисі Мәжіліс депутаттарынан Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің есеп беруі алдында журналистерге дастархан жайып, сыйлық беру қаншалықты дұрыс екені туралы Мәжіліс депутаттарының пікірін сұрады. 

Фото: Ulysmedia.kz

Мәжілісмен Лаззат Рамазанова шара алдында журналистерге сыйлық берілгенін алғаш рет көруі екенін айтты.

«Журналистерді марапаттау, оларға сыйлық беру әдетте Журналистер күні қарсаңында болады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осылай еткен болуы мүмкін. Әркім өз жетістіктерін көрсеткісі келеді. Әркім өзі үшін жауапты болуы керек. Егер мен осындай шара өткізсем, жеке ақшамды жұмсар едім. Бұл бюджеттің ақшасы деп ойламаймын. Журналистер – төртінші билік, олардың айтары бар. Мұның бәрі журналистің өзіне де байланысты. Әділ сөз ешқашан сатылмайды, оның бағасы жоқ, салмағы да ауыр», - деді Рамазанова.

Ол журналистерге әділ, шыншыл болу керектігін айтты, себебі олардың ойы қоғамның ойына әсер етеді.

Бұрынғы журналист Әлия Әбсеметова әріптестері «әдетте дастарханға шақырғанда немесе сыйлық бергенде бас тартып, ондайдан аулақ болғанын» айтты.

«Кейбірі дастарханға отырады, кейбірі отырмайды. Оны әркім өзі біледі. Журналистерге тән кәсіби этикасы болады.  Белгілі бір тұлғамен араласу-араласпауды өзің шешесің: достық – достықпен, қызмет – қызметпен. Журналистерге шара аяқталған соң ғана дастарханнан дәм татыруға болар еді деп ойлаймын. Бұл журналистер тарапынан да дұрысырақ болар еді. Олай еткен жағдайда осынша әңгіме болмас еді», - дейді депутат Әбсеметова.

Елнұр Бейсенбаев пікір алуандығын қолдайды.

«Атырау облысы әкімінің әрекеті дұрыс па, дұрыс емес пе? Оны қолдағандар да, айыптаушылар да болды. Әр журналист өз пікірін айтуға құқылы. Атырау облысының өнімдерін бөлісу – өз аймағының жетістіктерін көрсетуге жақсы мүмкіндік. Ал журналистер бұл мәселені көтерсе, демек мәселе көтеруге негіз болғанын білдіреді. Мәселені ушықтырудың қажеті жоқ, әр журналист өз пікірін айтуға құқылы. Бұл Атырау облысы әкімінің сыйлығы емес, жарнамасы, өнімдерінің көрсетілімі болды деп есептеймін. Ал «Ұлыс медиа» журналистері өз пікірін білдірді – бұл қалыпты құбылыс. Журналист осыдан парақорлықты көретін шығар. Ешкім кінәлі емес деп ойлаймын. Әркім өз пікірінде қалуы керек», - дейді Бейсенбаев.

Ерлан Смайлов іс-шара алдында кофе ішуде тұрған ештеңе жоқ екенін айтты.

«Бұрын мен сараптамашы болғанмын, National Analitik журналы редакторының орынбасары болдым. Қандайда бір шараға ертерек барса, әсіресе суық күндері ертерек барып алсам бір кесе кофе ішіп, піспенан жеуім – ол қалыпты, әрі дұрыс жағдай деп ойлаймын. Бірақ бұл тойда жүргендей көңіл-күйде қалдырмауы керек. Кофе ішіп, жылынып алған соң сұрақ қоюға дайындаласың, ары қарай шара басталады. Ал шара алдында сыйлық беру – дұрыс емес. Жаңа жыл қарсаңында құттықтаса – қалыпты жағдай. Ал журналистердің сыйлықты қабылдау-қабылдамауы – олардың арына байланысты. Мен алмас едім. Кофе ішер едім, бірақ әкім есебі алдында сыйлық алмас едім. Бұл – әркімнің таңдауы», - дейді Смайлов.

Естеріңізге сала кетейік, 19 қараша күні Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бір сағатқа созылған баспасөз конференциясын  өткізді. Шенеунік журналистерге құр алақан келген жоқ. ОКҚ-да жайылған дастарханда шай мен тәтті-дәмділердің түр-түрі қойылған.

Осы мәселе туралы Ulysmedia.kz жариялаған мақала қоғамда үлкен дау тудырды. Тамара Калеева журналистке сыйлық алуға болмайтынын айтса, Арман Шораев әкімнің бұл әрекетінің астарында жемқорлықтың ізі бар екендігін айтты.