Білім беру жүйесінің сапасы бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 93-орыннан 63-орынға түсті, деп хабарлайды Ranking.kz.
Елдің индексі 51, ал мүмкіндіктер индексі - 100-ден 43,65-ті құрады. Елдің индексі неғұрлым жоғары болса, білім беру жүйесі соғұрлым жақсы және студенттердің мүмкіндіктері де жоғары дегенді білдіреді. Ал білім беру жүйесінің сапасы индексі мемлекеттік білім беру жүйесін, студенттердің ЖОО-да оқуға дайындығын, университетті қаржыландыруды, әртүрлі әлемдік рейтингтердегі жоғары оқу орындарының санын бағалайды.
Мүмкіндіктер индексі ересектердің сауаттылық деңгейін, бітірген курстардың, бастауыш және орта мектептің үлгерімін, жалпы ішкі өнімде білім алуға мемлекеттік шығындардың үлесін және басқа да көптеген көрсеткіштерді бағалайды.
Білім беру саласындағы үздік елдер қатарына Ұлыбритания (Біріккен корольдігі), АҚШ және Австралия кірді. Ботсвана нашар көрсеткіштермен рейтингтің соңына табан тіреді.
Рейтингке енгізілген ТМД елдерінің ішінде Ресей (36-орын) мен Қырғызстан (55-орын) білім беру жүйесінің сапасы көрсеткіштері жағынан Қазақстаннан алда болды. Ал Әзербайжан (69-орын) мен Түркіменстанның (86 -орын) көрсеткіші Қазақстанға қарағанда нашар.
2020/2021 оқу жылында елімізде 125 жеке меншік жоғары оқу орны бар екені анықталды. Өткен жылы да жеке меншік жоғары оқу орындарының саны осынша болған.
Барлық жоғары оқу орындарының үштен бір бөлігі Алматыда орналасқан (41 ЖОО). Сондай-ақ, еліміздің басқа екі мегаполисі: Нұр -Сұлтан (15 мекеме) мен Шымкентте (10 мекеме) жоғары оқу орындары көп шоғырланған.
Биылғы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында 576,6 мың студент білім алған, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 4,6% аз. Студенттер санының азаюы соңғы бес жылда бірінші рет байқалып отыр.
Оқу жылының басында жоғары оқу орындарына 105,2 мың студент келді, бұл 2020/2019 оқу жылымен салыстырғанда 3,7% -ға көп. Сонымен қатар, биыл 115,2 мың студент оқудан шығып қалған, бұл 2020/2019 оқу жылымен салыстырғанда 89,9%-ға көп. Оқудан шыққан студенттер санының өсуі үш жыл қатарынан байқалып келеді. 2018/2019 оқу жылында 51,8 мың студент (жылына 3,4%-ға артты), 2019/2020 оқу жылында - 60,7 мың (жылына 17,1% артты) студент оқудан шыққан.
Еске сала кетсек, соңғы уақытта ҚР Білім министрлігі еліміздегі білім беру бағдарламаларының жүйесі сапасыз болған бірқатар жоғары оқу орнының лицензиясын қайтарып алды.
Биылғы оқу жылында оқуды тастаған 24,7 мың студент басқа оқу орындарына ауыстырылды (өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп); 22,9 мың студент өздері оқып жатқан оқу орнының ішіндегі басқа оқу түрлеріне ауыстырылды (2 есе өскен); 22,5 мың студент қаржылық қиындыққа байланысты оқудан шығып қалған (бірден 82,2%-ға көп); 21,4 мың студент оқудан өз еркімен кеткен. Тағы 10,3 мың студент оқу тәртібі мен ішкі тәртіп ережелерінің бұзылуына байланысты оқудан шыққан (өсім - 2,6 есе), 8 мың студент оқу үлгерімінің нашарлауына байланысты (44,8% көп), 746 студент қарулы күштер қатарына шақырылуы себепті (0,7% көп), 221 студент денсаулығына байланысты (18,8% көп) оқудан шыққан.
2020/2021 оқу жылында студенттердің жалпы санының 34% ғана, яғни 196,1 мыңы мемлекеттік грантта оқыған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,9% көп. Өз кезегінде 380,5 мың студент ақылы түрде оқыды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,3% -ға аз.
Тағы бір айта кететін жайт, 2020 жылы 102 адам Қазақстаннан шетелге оқуға кеткен. Оның алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 2,4 есе аз көрсеткіш. 2020 жылы шетеде оқитын студенттер саны азайды, бірінші рет байқалып отырған бұл жағдай COVID-19 пандемиясымен тығыз байланысты. Ал 2016 жылдан 2019 жылға дейін шетелде оқитын студенттер санының тұрақты өсуі байқалып келген болатын.