Тағдыры киноға бергісіз. АҚШ-та 105 жастағы Әсия әже көз жұмды

Ulysmedia

АҚШ-та тағдыры сан қилы өмір белестеріне толы кейуана Әсия Сардарбек қайтыс болды деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

105 жастағы қазақ әженің жүріп өткен жолы туралы кино түсіруге болатындай. 

1916 жылы Жамбыл облысындағы Мойынқұм жерінде дүниеге келген апа бірнеше рет кеңес үкіметінің қуғындауына іліккен. Бастапқыда, жиырмасыншы жылдары, әкесіне ілесіп ұжымдастырудан қашқан.

«Бірінші Түркістанға жетіп, содан соң Қарақалпақстан мен Амудария өзені арқылы Ауғанстанға бет алдық», – деп еске алған қария артынан іздеп барған отандық БАҚ-қа сұхбат бергенде  үнемі қазақ тілінде сөйлесіп, Отанын сағынатынын айтқан болатын.

15 жасында ауғандық билеуші әулеттен шыққан Әмір Мұхамедтің етегінен ұстаған. Содан кеңес әскері елге басып кіргенде, 1982 жылы патша отбасы мүшелерімен Түркия мен Германия арқылы АҚШ-қа қоныс аударған.

Әсия апа өмірінің соңғы сәттерін Виржиния штатындағы қарттар үйінде өткізген.

Дегенмен журналист Дархан Өмірбектің жазбасында марқұм бұл дүниемен қоштасарда қасында балалары мен немере-шөберелерінің күткені жазылған.