Несие ақысын кешіктірсеңіз, не істемек керек

Ulysmedia

Қарызды қайта құрылымдау үшін мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен кредиттік ұйымға жүгінуге болады деп хабарлайды Ulysmedia.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Карикатура: Ғалым Смағұлұлы

Агенттік банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) өтінішті Қазақстанда 2021 жылғы 1 қазаннан бастап әрекет ететін реттеудің жаңа тетігі шеңберінде қарауға міндетті дегенді айтады.

Өтініште нені көрсету керек?

Өтініште мерзімін өткізіп алудың немен байланысты болғанын көрсету, ықтимал қайта құрылымдау бойынша өз нұсқаларын ұсыну және өз міндеттемелерін тиісті түрде орындаудың мүмкін еместігін куәландыратын растаушы құжаттарды ұсыну қажет.

Қайта құрылымдау талаптары: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, ай сайынғы төлемді азайту, қарыз мерзімін ұлғайту және т.б. түрінде болуы мүмкін.

Өтініш қанша күн қаралады?

Кредиттік ұйым  күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге тиіс. Жауап:

•        банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына қарыз алушы ұсынған өзгерістермен келісу;

•        банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;

•        себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тарту түрінде болуы мүмкін.

Егер ымыраға келуге қол жеткізілмесе не істеу керек?

«Егер сіз кредитормен келісімге қол жеткізе алмасаңыз, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылысыз. Бірақ банкке немесе МҚҰ-ға өтініш бергеніңізді растауды міндетті түрде ұсыну қажет. Егер сіз халықтың әлеуметтік осал тобы санатына жататын болсаңыз, онда тиісті кезеңде кредиттік ұйым кепілге қойылған мүлікті өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес», – деп ескертеді агенттіктегі халықтың қаржылық сауатын көтерумен айналысатын мамандар.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі несие кешіріледі, кредит алушыларға рақымшылық жасалады деген ақпаратты жоққа шығарды.