Қазақстан байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельяновтың айтуынша, Starlink компаниясы әлі күнге дейін елде жұмысын бастағаны туралы мемлекеттік органдарға ресми түрде хабарлама жібермеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Емельянов қыркүйек айында-ақ Қазақстанда байланыс қызметін көрсету үшін жұмыс бастамай тұрып мемлекетке хабар беру керегін ескерткен. Кейбір қызмет түрлеріне лицензия алу да міндетті. Бұл қиын емес, бірақ заң бойынша бәріне ортақ талап.
САЛДАРЫ
Оның сөзінше, Қылмыстық кодекстің 214-бабына сай, егер компания тіркеусіз немесе лицензиясыз жұмыс істеп, соның нәтижесінде көп табыс тапса немесе мемлекетке зиян келтірсе, айыппұл салынуы немесе бас бостандығы шектелуі (тіпті айырылуы) мүмкін.
Емельяновтың айтуынша, Starlink 7 қарашаға дейін де мемлекеттік органдарға ешқандай хабарлама жібермеген. Сондықтан ол бұл туралы уәкілетті органдарға арыз жазған.
- Мен “Старлинк Қазақстан” компаниясын байланыс саласындағы қызметін ресми хабарламастан бастағаны үшін жауапқа тарту туралы өтініш бердім. Бүгін жауап беру мерзімі аяқталады. Заң бәріне бірдей болуы керек деп сенемін. Илон біздің заңдарды орындауға мәжбүрлейтін кез келді. Ал айыппұл болса, ол бюджетке де пайдасын тигізеді, — деп жазды Емельянов өз Telegram-арнасында «Связано!» деген жазбасында.
АЙТА КЕТЕЙІК
Starlink — Илон Маск құрған SpaceX компаниясына тиесілі ғаламдық спутниктік интернет жүйесі.