Амалсыз орысша сұрадым – Польша елшісі Қазақстандағы банктен толық қазақша қызмет ала алмағанын айтты

Сырым Қаржас

Польша елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді.  Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында ол елдегі тіл мәселесі жайлы пікірін білдірді.

Ulysmedia коллажы

ДИПЛОМАТ НЕ ДЕЙДІ

Дипломат Қазақстанға бірінші рет 1993 жылы келгенде елдің әлеуметтік жағдайы қандай болғанын өз көзімен көрген. 30 жылдан кейінгі жағдайын да байқап отыр. Тоқсаныншы жылдары өзі Алматыдағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскенде Алматы орыстілді қала болғанын есіне алады. Михал шетелдік студенттерге арналған жатақханада тұрған, олардың арасында қандастар да (қазақтар) көп болған. Олар орысша білмейтін дейді дипломат. Сондықтан олармен сөйлесу үшін  қазақша тез үйренуге мәжбүр болған.

– Содан кейін қазақ тобында оқыдым. Ол уақытта қазақ тілінің жағдайы өте күрделі болатын. Сол кездегі түсінік бойынша, егер адам қазақ тілінде таза сөйлесе, оның не білімі жоқ, не ол ауылдан келген деп есептелетін. Қазіргі жағдай мүлдем басқа. Қазір, құдайға шүкір, мен көшеде қазақша сөйлессем, оған ешкім таң қалмайды. Орыс сөздерін бұрынғыдай көп қоспайды. Бұл – жақсы құбылыс.

Жақында Қазақстандағы бір банктің колл орталығына хабарластым. Ол жерде қазақша ақпарат алғыңыз келсе, 1 санын басыңыз, орысша ақпарат алғыңыз келсе, 2 санын басыңыз деген жауап естідім. Мен бір санын бастым, бір қазақтілді жігіт байланысқа шықты. Бірақ ең қарапайым нәрселерді қазақша айта алмады. Содан кейін мен амалсыз орыс тілінде сұрадым. Дегенмен 1993 жылмен салыстырғанда, қазақ тілінің жағдайы жақсырақ. Бұл, негізінен, КСРО-ның, кейін Ресейдің қазақтарға қарсы жасаған жоспары. Себебі 20-шы ғасырдың басында қазақ зиялылары көптеп шықты. Олар келесі ұрпақты қазақ рухында тәрбиелеу үшін үлкен қозғалыс бастады. Бірақ олардың бәрін атты, жапты, құртты. Одан кейінгі толқынға орыстандыру саясаты жүргізілді. Ол арнайы бір КСРО-ның саясаты еді, – дейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.