Билік транзитіне дайындық: Досым Сәтпаев елде қысым күшейтіп жатқанын айтты

Сырым Қаржас
фото: president.kgс

Саясаттанушы Досым Сәтпаев соңғы уақытта белсенділерге қарсы қозғалған істер мен сот процестерін Қазақстандағы билік транзиті болуы мүмкін деген оймен байланыстырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақпараттық және саяси алаңды "тазарту"

Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстанда ақпараттық әрі саяси алаңды жүйелі түрде "тазарту ісі" жалғасып жатыр. Мұны QazNews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Енсебекке қатысты сот процесі мен журналист Лұқпан Ахмедьяровтың басынан өткен соңғы оқиғалар айғақтайды.

Бұл – репрессиялық тізбектің жаңа буындары ғана. Ал бұл тізбектің өзі 2000-жылдардан бері жалғасып келеді. Азаматтық қоғам өкілдерін саяси қудалау ісі әу баста "тұңғыш президент" кезінде-ақ басталған, – деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, бұл үрдістің жаңа кезеңі 2022 жылдан бері байқала бастаған. Бірақ биліктің репрессиялық құрылымының негізі әлдеқайда бұрын қаланған.

Биліктің қоғамнан қорқуы – автократия белгісі

Кез келген автократиялық режимнің басты ерекшелігі – биліктің қоғамнан қорқуы мен оған сенбеуі. Сондықтан ол қоғаммен диалог жасағандай көрінуге тырысады: билікке ыңғайлы, өзіне бағынышты "қоғамдық құрылымдарды" жасанды түрде құрып, олар арқылы "қолмен басқару" моделін жүргізеді. Ал осы "қолмен басқарудан" тыс қалған кез келген бастаманы – қауіп деп қабылдайды деді Сәтпаев. Оның пайымынша, қазір бұл бұғау саясатының күшеюіне билікке жақын топтардың жаңа билік транзитіне дайындала бастауы себеп болуы мүмкін.

Бұл транзит ерте ме, кеш пе – міндетті түрде болады. Ал оған дейін билік кез келген балама пікірді жоюға, ақпараттық және саяси алаңды толық бақылауға алуға мүдделі. Бұл жағдайға әлемде демократиялық құндылықтар дағдарысының ушығуы да қолайлы жағдай қалыптастырып отыр, – дейді саясаттанушы.

Билік транзитінің хронологиясы

Қазақстандағы алғашқы билік транзиті 2019 жылдың 19 наурызында басталды. Елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатып, Қасым-Жомарт Тоқаевты өз мұрагері ретінде жариялады.

Саяси сарапшылар Назарбаевтың саясат сахнасынан кету мүмкіндігін жылдар бойы талқылап келді. Бұл мәселе алғаш 2010 жылы "Тұңғыш президент – Елбасы" мәртебесі заңмен бекітілгенде көтерілді. 2016 жылы Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қайтыс болған соң 2018 жылы Қауіпсіздік кеңесі туралы заңға өзгеріс енгізіліп, ол кеңес кеңес беруші органнан конституциялық мәртебеге ие үйлестіруші құрылымға айналды және оның басшылығына Назарбаев бекітілді. Ал 2019 жылдың ақпанында Назарбаев Конституциялық кеңеске президенттің өз еркімен отставкаға кету тәртібін сұрап, ресми сұрау салды. Бұл тәртіп Конституцияда нақты жазылмаған болатын.

2019 жылғы 9 маусымда елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам дауыс жинап, билікке ресми түрде келді.

Қаңтар қырғыны – екінші сын

2022 жылдың басында Тоқаев билігі үшін ең үлкен қауіп төнді. Жаңаөзенде газ бағасының өсуіне қарсы халық толқуы бүкіл елге жайылып, жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Тоқаевтың өзі "мемлекеттің тұтастығы қауіп төніп тұр" деп мәлімдеді.

Билік наразылықты басу үшін ҰҚШҰ әскерін елге кіргізді. Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты.