Әсет Наурызбаев: Энергетика министрлігі «үй тапсырмасын» орындай алмай қала ма деп қорқамын

Ulysmedia

Күні кеше энергетика министрі Болат Ақшолақов мәжіліске ЕАЭО елдерінің электр энергиясы нарығын біріктіру жөніндегі заң жобасын таныстырды. Депутаттар бұл да газ сияқты электр қуаты бағасының өсуіне әкеліп соқпай ма деп қауіптеніп отыр. Ақшолақовтың екіұшты жауабы біршама сұрақтың басын ашық қалдырды. Осы ретте Ulysmedia.kz порталы KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаевты сөзге тартып көрді.

Фото: Ашық дереккөзден

- Әсет мырза, осы ортақ келісім Қазақстанға не бере алады? Жалпы бұл қадамды дұрыс шешім деп есептейсіз бе?

- Жалпы бұл бір жағынан мүмкіндік, себебі ресейлік энергия жүйесі бізге біршама пайдалы қызмет көрсетуі мүмкін. Мәселен, бізде мысалы 1000 МВт көлемінде дефицит пайда болса, Ресей үшін бұл мөлшер тым аз.

Бір мәселеге дегенмен назар аудару керек. Біздегі баға резервациясы бөлек болғандықтан, Ресейден қарағанда электр энергиясының құны төмен. Ресейде баяғыдан бері сағат санағы бойынша сауда жолға қойылған. Жүйе басқа. Бізден қарағанда едәуір жетілген. Осы жүйеге өтудің өзі артықшылық дер едім.

Алайда мұның салдары – электр энергиясының бағасының өсуінде болады. Егер электр энергиясының бағасын экономикалық негіздемеге әкелсек, сонымен қатар жарық төлемін төлей алмай отырғандарға әртүрлі тетіктер арқылы өтемақы беріп отыра аламыз.

Дәл қазір нарықты аша салсақ, электр энергиясының бәрі Ресейге кетіп қалады. Біздегі нарықтық тетік баға болжамына сүйенуі тиіс. Егер нарықты аша салсақ, газ бағасының көтерілуіне ұқсас жағдаймен бетпе-бет келеміз. Электр энергиясы қымбаттаса, барлығы қымбаттай беретінін осыдан-ақ болжай беріңіз. Сол себепті иә, біз белгілі уақытта бағаны еркіндікке жіберсек, өтемақыны алдын ала төлеуіміз керек. Егер 1 қаңтардан бастап тарифті көтереміз десек, одан бір күн бұрын 31 желтоқсанда адамдардың қалтасында ақшасы болуы тиіс. Бұл реформа осындай болуы керек. Меніңше, жалпы бағыт дұрыс.

- Демек, сіздіңше осы келісімнің салдарынан гөрі нәтижесі көбірек болуы мүмкін ғой?

- Иә, бірақ мәселенің бәрі де жұмыстың қалай атқарылатынында! Бізде идея жақсы, мақсат дұрыс болуы мүмкін, алайда орындалу барысы айналып келгенде құрдымға кетіп жатады. Мұнда да солай. Егер бұл ортақ келісім шеңберінде жұмысты дұрыс жүргізбесек, бағаның өршеленіп қымбаттауынан басқа ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Газ секілді. Сол себепті реформаның жүйелі түрде жүргізілуі үшін күресіп жатырмыз.

- Осы келісімнің өзі Қазақстанның электр энергиясы жағынан экономикалық одаққа мүше елдер алдында тәуелділігіне апарып соқпай ма?

- Біріншіден, көп ел электр энергиясымен алмасып, қажеттілікті үйлестіріп отырады. Бірақ нарықтың ашылуы – қосымша қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мәселен, Ресейдің Сібірінде үш ірі ГЭС бар. Ал бізде өкінішке қарай реттеуші қуат жоқ. Ол үшін бізге Ресеймен байланыс керек. Бізде себебі көп ГЭС жоқ. Одан бөлек Қырғызстаннан реттеуші қуатты алуымызға болады. Яғни ұқсата білсек, біз бұл мүмкіндікті пайдалана алуымыз керек. Қосымша сервис керек. Ал бірақ осының салдарынан айналып өту көп жұмыс істеуге тура келеді.

- Ал біздің Энергетика министрлігі мұндай өзгерістерге дайын ба?

- Менің қорқатын жерім де осы. Бұл – Энергетика министрлігінің үй тапсырмасы. Минисрліктегілер былайша айтқанда «үй тапсырмасын орындамай» емтиханға келдік деуі мүмкін. Ал емтиханда әдеттегідей олар екі алып қалуы ықтимал. Тура Жаңаөзендегідей!

Қазіргі министрлік оған дайын емес. Біз қазір Қазақстандық сенімділік кеңесі деген азаматтық орган құрып жатырмыз. Бұл – Солтүстік Америка Сенімділік корпорациясының баламасы іспеттес. Біз жалпы осы нарық министрліктің емес, нақты сала мамандарының, сарапшылардың, тұтынушылардың қатысуымен реттелсе дейміз. Осылайша, энергия жүйесінің дамуымен айналысу керек. Нағыз дұрыс жол осы. Себебі министрлік өздігімен бұл жұмысты еңсере алмайды. Кең, мол пікірталас керек.