Енді қайталанбайды - «Қайрат» пен «Реал» ойынындағы қателік

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев «Қайраттың»  ендігі Чемпиондар лигасындағы матчтарының трансляциясы үзіліссіз өтетіндігіне сендірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

30 қыркүйекте «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойын кезінде қазақстандықтар байланыс сапасына шағымданды — әлеуметтік желілерде жүздеген пікір жазылып, көптен күткен матчты стадионда билет тапшылығынан ғана емес, үйде де көру мүмкін болмағаны айтылды.

Пайдаланушылардың айтуынша, трансляция әртүрлі платформаларда үзіліп, қатып қалған.

«Бұл өте маңызды оқиға болды — «Реал» командасының елімізге келуі. Олардың матчтары әрдайым сұранысқа ие — бұл танымал команда, және біздің деректер бойынша, олардың матчтарын бір мезетте миллиард адам көре алады. Сол сәтте Qazaqstan телеарнасының интернет-порталында дәл осындай жағдай болды. Бірақ кабельдік және спутниктік теледидар жұмыс істеп тұрды. Біз түсінгеніміз — адамдардың талғамы өзгеруде: теледидарды аз көріп, интернет арқылы қарайды. Бір мезетте 3-4 миллионнан астам көрермен болды. Бұрын мұндай болмаған», — деді Досжан Мұсалиев үкімет кулуарында.

Министрлік өкілі атап өткендей, алдағы уақытта қазақстандықтар матчтарды толық көлемде көре алады.

«Біз қателіктерді ескердік. Qazaqstan телеарнасы мен «Қазақтелеком» тиісті жұмыстар жүргізіп, серверлік қуатты 4-5 есеге арттырды. Болашақта мұндай мәселелер болмайды», — деп сендірді Мұсалиев.

БҰҒАН ДЕЙІН

«Кайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтиннің сөзінше футболшылардан үнемі жеңіс күтетін қазақстандықтар бұл ойынды мүлде түсінбейді деген еді.