Ербаян Мұхтар емделу үшін Ыстамбұлға ұшып кетті

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Әскерде жараланған сарбаз Ербаян Мұхтар толыққанды емделу үшін Ыстамбұлға ұшып кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Бұл туралы адвокат Инга Иманбай хабарлады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Ербаянның емінің екінші кезеңі басталған. 

- Ербаян емнің екінші кезеңі – толыққанды реабилитациядан өту үшін таңғы бесте Стамбулға ұшып кетті. Қасында анасы мен әкесі бар. Бұл сапар Ербаян үшін шешуші кезең. Сол себепті барлығымыз бірге баламызға ақ жол, сәтті сапар тілейік. Соңғы бір жылда Ербаян тек ата-анасының емес, бүкіл халықтың ұлына айналды. Оның жағдайы ешкімді бей-жай қалдырмады. Бірінші кезеңдегі операция мен ем халықтың қолдауымен жасалса, бұл жолы мемлекет тарапынан үлкен көмек көрсетілді: портал арқылы үш айға созылатын қымбат әрі маңызды реабилитациялық ем толық қаржыландырылды, дейді адвокат. 

Инга Иманбай ұшуды ішкі істер және қорғаныс министрліктері бірлесіп ұйымдастырғанын айтады. 

- Осы ретте Ербаянның ата-анасының атынан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ханымға, генерал Қайрат Үмбетов мырзаға алғыс білдіреміз. Ербаянға қатысты «не істеп жатырсыз?» деп маған жиі сұрақ қоясыздар. Жауапты көп сөзбен емес, осындай нақты нәтижелермен бергім келеді. Халықтың назарын аударту, мемлекеттік органдарды іске жұмылдыру, осындай маңызды емді ұйымдастыру – бір күннің шаруасы емес. Бұл ұзақ келіссөздер мен табанды еңбектің жемісі. Айқайсыз, бірақ жүйелі жасалған жұмыс, дейді Инга Иманбай. 

Оның сөзінше, алдағы үш айда Ербаянның денсаулығы бақылауда болады. 

ЕРБАЯННЫҢ ОҚИҒАСЫ

Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланда мерзімді әскери қызметте жүріп жараланған. Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, биыл сәуірде оянған сарбазды туған-туыстары Астанаға жеткізе алмаған еді. Ulysmedia.kz редакциясына хабарласқан олар президенттен көмек сұрап, үндеу жариялаған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Бұған дейін әскерде жараланған Ербаян Мұхтарды қараған дәрігерлер тергеуге алынғанын жазған едік.