Концертке келгендер суықта қалды: Астанадағы фестиваль дау тудырды

Ulysmedia.kz коллажы

Астанада танымал қазақстандық әншілер өнер көрсеткен Uly Dala Fest музыка фестивалі дауға ұласты. Көрермендер суықта сағаттап кезек күтіп, ғимаратқа кіре алмаған. Жұрттың жаппай наразылығынан кейін ұйымдастырушылар кешірім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Көрермендерді бір есіктен екіншісіне жіберген

Фестиваль кеше Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті. Сахнада Жанар Дұғалова, Ninety One, Kalifarniya және басқа да өнерпаздар ән шырқады.

Алайда көпшілік сүйікті әншілерінің өнерін тамашалағанша әбден әбігерге түскен.

Threads әлеуметтік желісінде көрермендер ұйымдастырушылар көрсеткен уақытқа, яғни сағат 17:00-де келгенімен, ұзын-сонар кезекке тап болғанын жазды.

Қызметкерлер жұртты біресе негізгі кіреберіске, біресе басқа есікке жіберген. Суықта күткендердің арасында кішкентай балалары бар отбасылар мен жүкті әйелдер де болған.

– Бір жарым сағаттан бері далада, суықта тұрмыз! Құрығанда баласы бар адамдарды кіргізуге болатын еді ғой. Жұрт айғайлап, есікті ұра бастағанша ешкім қимылдамады. Кіреберісте тұрған жігіттер адамдармен дөрекі сөйлесті. Менің көзімше бір ер адам кезекте екі жүкті әйел тұрғанын айтты. Бірақ күзетші оны елемей, есікті тарс жауып алды. Суықта ұзақ тұрған тағы бір әйел ұйымдастырушыны шақыруды талап етті. Күзетші оған «сен» деп сөйлеп, өздерін еш кінәсі жоқтай ұстады. Осындай жағдайдан кейін концерт көруге де зауқың соқпай қалады, – деп жазды ашынған көрермендер.

Концерт кеш басталған

Пікірлерге қарағанда, ғимаратқа кіру машақаттың басы ғана болған.

Жарнамада концерттің басталу уақыты 17:00 деп көрсетілгенімен, әншілер сахнаға әлдеқайда кеш шыққан.

Көрермендер концерттің өту барысына да көңілі толмағанын жазды. Олардың айтуынша, сахнадағы шамдардың жарығы тым өткір болып, әншілерді көруге кедергі келтірген. Дыбыс сапасына қатысты да шағымдар айтылған.

– Егер сағат 17:00-де көрермендер жиналатынын алдын ала жазса, әңгіме басқа болар еді. Болмаса, сол уақыттан бастап концерт алдындағы бағдарламаны өткізуге болатын еді ғой. Негізі фестивальдің идеясы да, шақырылған әншілер де керемет. Бірақ ұйымдастыру жағы көңіл көншітпеді, – деп жазды фестивальге барған көрермендердің бірі.

Ұйымдастырушылар кешірім сұрады

Көптеген шағымнан кейін Uly Dala Fest командасы көрермендерге арнайы үндеу жариялады.

Ұйымдастырушылар қолдау білдірген жұртқа алғыс айтып, кеткен кемшіліктер үшін кешірім сұрады.

– Фестивальді өткізу барысында қандай да бір кемшілік кетіп, сіздерге қолайсыздық туғызған болсақ, шын жүректен кешірім сұраймыз. Сіздердің әр пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз бен сындарыңыз біз үшін өте маңызды. Бұл бізге қателіктерімізді түзеп, алдағы іс-шараларды бұдан да жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді, – делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.