«Жолға дейін сатылып кеткен»: «Академгородок» пен SABA Group дауы тағы ушықты

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Алматыда жер дауы басылар емес. Бірнеше аптадан бері ел арасында «Академгородок» аталып кеткен шағын аудан тұрғындары мен SABA Group құрылыс компания арасындағы тартыс бүгін тағы да жалғасты. Тұрғындар үйлерінің жанынан бизнес орталық пен қонақүй кешенін салуға қарсы. Компания құрылыс құжат бойынша жүзеге асатынын айтады. Ulysmedia тілшісі даулы жер телімі аумағында өткен жиынға қатысты.

«Даудың басы SABA Group-тың құрылысы»

7 қарашада жер мәселесін жиі көтеріп жүрген мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің бастамасымен «Академгородок» шағын ауданының тұрғындары SABA Group құрылыс компаниясы, Бостандық ауданының әкімдігі және жерге жауапты басқарма өкілдерімен кездесті.

Тұрғындар үйлерінің іргесіне бизнес орталық пен қонақүй кешенін салуға қарсы екендерін айтты. Олар «жер сілкінген жағдайда шағын аудан халқы барып паналайтын қауіпсіз аймақ қалмады» деді. Бұған қоса, тозығы жеткен су, жылу, жарық, көлік кептелісі мәселесін айта келе ауданда бизнес орталық пен қонақүй салынса үйге кіріп-шығу мұңға айналады десті.

«Былтыр қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Бұл жер учаскесі бізге жақын жалғыз жер. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, мына ғимарат (12 қабаттық тұрғы үйді қолымен нұсқады – ред) шамамен қырық метр. Яғни, жер сілкінісінен ол қирайтын болса, үйінді астында қалмау үшін кем дегенде дәл сол 40 метр жерге қашу керек... Бұл жер учаскесіне жер сілкінісінде жалғыз «Академгородок» тұрғындары келмейді. Мұнда жақын жердегі тұрғын үй кешендерінің барлығы осында келеді. Себебі ол жақтағы нысандар тым жақын орналасқан. Олардың да баратын жері жоқ», – деді шағын аудан тұрғыны Санора Әбидқожаева.

«Біздің де өмір сүруге құқығымыз бар»

Тағы бір тұрғын Ажар Қарамеңдиева жекенің қолына өткен жер учаскесінің қандай жағдайда және кімнің сатқанын анықтауды талап етті.

«Әкімдіктің сөзінше, бұл жердің жекенің қолына өткеніне 25 жыл болған. 1999 жылдан бері оны пайдалану мақсаты бірнеше рет өзгерген. Не себепті? Жер иесі де бірнеше рет өзгерген. Бұл жер учаскесінде 25 жыл бойы әкімдік қызмет істеді. Шөбін шапты, тазалады дегендей. Сол себепті мен ең бірінші 1999 жылғы келісімді тексеру керек... Бізде қазір сауда жүріп жатыр. Абаттандыруды құрылысқа айырбастау. Тұрғындардың басым көпшілігі қарсы. Бізге абаттандыру қажет емес, бізге қауіпсіздік керек. Осыны SABA Group естісін. Әйтпесе олар бізге біресе палау береді, біресе мейрам ұйымдастырады. Бұған қоса «бізге сіздердің келісімдеріңіз керек жоқ» дейді. Мен тұрғындардың келісімі болуы керек деп ойлаймын. Біздің де конституциялық құқығымыз бар. Өмір сүруге құқығымыз бар», –деді ол.

«Ит үреді, керуен көшеді деген сияқты»

Наразы тұрғындардың кейбірі дау болған жер учаскесіне бизнес орталық пен қонақүй салғанша, мектеп салсын деді. Олардың сөзінше, ауданда мектеп тапшы.

«Біздің қазір жиналып отырғанымыз Назарбаевтың уақытындағы нәрсе сияқты. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сияқты. Жәй ғана бізді шулатып-улатып, содан кейін сол керуен баратын жағына барады», – деді аты-жөнін атамаған тұрғын.

«Жер 9 баллдық аймаққа кіреді»

Сейсмология институтының өкілі Айгүл Данабаева тұрғындарды қолдай сөйледі. Ол да жер сілкінісі болған жағдайда тұрғындардың баратын қауіпсіз аумағы болуы керектігін айтты.

«Осы жер 9 баллдық аймаққа кіреді. Сейсмолог ретінде мен тұрғындармен келісемін. Жер сілкінісі болған кезде қашып баратын жер болу керек сіздерде. Бұл жерде шынымен де баратын қауіпсіз аймақ жоқ. Осы жерді ғана көріп тұрмын», – деді ол.

Өзін қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасарымын деп таныстырған Бағдат Шәйзада «Академгородок» шағын ауданы аумағында төтенше жағдай кезінде уақытша жиналатын жер жоқ деді. Ол қандай да бір жер учаскесіне құрылыс жүргізу үшін департаменттен ешкім рұқсат сұрамайтынын айтты.

«Біз барлық инстанцияға, әкімдіктен бастап, жер қатынастары басқармасына дейін «Академгородок» тұрғындарына төтенше жағдай кезінде жиналатын орын керектігін және ол орын осы ашық алаңқай ғана екенін ескертіп, хат жолдауға дайынбыз», – деді Бағдат Шәйзада.

Компанияға құжаттар берілмеген

Сәулет және қала құрылысы басқармасының Бостандық ауданы бойынша бөлім басшысы Бекнар Берікұлы SABA Group компаниясына құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттар берілмегенін айтты. Жер учаскесі тұрған аймақ қала құрылысының бас жоспары бойынша, іскерлік-қоғамдық аймақта орналасқан деді. Бірақ тұрғындардың «не себепті тұрғын үйлер іргесіндегі жер учаскесі ілкерлік аймаққа кірді? Оны кіргізерде қоғамдық тыңдау өтті ме?» деген сұраққа нақты жауап бере алмады.

«Біз жердің жаңа иесі SABA Group-қа құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттар берген жоқпыз», – деді ол.

Сұрақ пен мардымсыз жауап

Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жандос Тәкібаев та, қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Тимур Тұрысбеков те тұрғындардың «нысанды салу кезінде тұрғындардың пікірі ескеріле ме? Ескерілсе ол қалай жүзеге асады?» деген сұрағына нақты жауап бере алмады. Екеуі де бұл сұрақтың жауабын бір-біріне сілтеді.

Жандос Тәкібаев та SABA Group компаниясына құрылыс жүргізуге рұқсат берілмегенін айтты.

Тимур Тұрысбеков жер учаскесі 2006 жылы жекенің қолына өткенін айтты. Бірақ жер учаскесінің пайдалану мақсаты не үшін ауысқанын нақты түсіндіре алмады. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке құжаттарды толықтай көрсетуге уәде берді.

Тұрысбеков әль-Фараби көшесіне шығатын жаяу жүргіншілер жолының да  жер учаскесімен бірге жекенің қолына қалай өтіп кеткенін түсіндіріп айта алмады.  Ол «қалай болған жағдайда да жекеменшік иесі жолды жауап тастай алмайды» деді. Тұрғындар «не себепті біз одан оны жалынып сұрау керекпіз» деп қарсылық білдірді.

SABA Group уәжі

SABA Group компаниясының президенті Ілияс Карбозов жер учаскесін биыл 14 қазанда сатып алғанын айтты. Ол әзірге құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттар рәсімделмегенін растады. Карбозовтың сөзінше, құрылысқа барлық тұрғындар қарсы емес. Тіпті компанияны қолдайтын да тұрғындар бар. Бірақ олар бүгінгі жиында көрінбеді.

Ілияс Карбозов Ulysmedia тілшісінің «Сіздер билік органдарынан рұқсат алған жағдайда, тұрғындардың қарсылығына қарамастан құрылыс жүргізе бересіздер ме?» деген сұрағына:

«Біз қазір жақсы көрші ретінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз заң аясында жұмыс істейміз. Біз заңдық құжаттарды алмайынша құрылысты бастамаймыз», – деді. Ал «жер учаскесімен бірге жаяу жүргіншілер жолында сатып алдыңыздар ма?» деген сұраққа: «Бұл жердің барлығы бір участок... Жолды жауып тастамаймыз. Адамдар жүретін жол қалады», – деп жауап берді.

Жер дауы

Алматыда жер дауы қашан да өзекті. 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасы да дәл осы жер дауынан басталған. Сол уақытта қала әкімдігі «заңсыз салынған» үйлерді бұзуды ұйғарып, шағын ауданға полиция мен бульдозер кіргізген. Салдарынан тұрғындар мен полиция арасында қақтығыс болып, бір полицей қаза болған. Жиырмадан астам адам сотты болды. Олардың арасында белгілі диссидент Арон Атабек те бар. Алматы соты оны 18 жылға соттады. Тағы үш адам 14, 15 және 16 жылға сотталды. 20 адам 1 жылдан 3 жылға дейін шартты жазаға кесілді, 1 адам ақталды. Көп жыл түрмеде отырып, аурудан әбден әлсіреген Арон Атабекті билік 2021 жылы күзде өзін толық ақтау туралы талабын орындамастан қамаудан шығарды. Диссидент денсаулығының нашарлауына түрмедегі қатаң жағдай мен азаптай себеп болғанын айтқа. Арон Атабек түрмеден шыққанан кейін көп ұзамай  2021 жылы 24 қарашада 68 жасында Алматыда қайтыс болды.