Астана әуежайында төрт ай өмір сүрген шешен азаматы өзге елге ұшып кетті

Есдәулет Қызырбекұлы
Зелимхан Мұртазов. Фото: vlast.kz

Украинадағы соғыстан қашып, Астана әуежайында қалып қойған Шешенстан тумасы Зелимхан Мұртазов Қазақстаннан өзге елге ұшып кетті. Бұл ақпаратты Ulysmedia-ға құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекова мен адвокат Рена Керимова растады. Ол әуежайдың транзиттік аумағында төрт ай өмір сүрген.

2025 жылдың желтоқсанында Украинадағы соғыстан қашып, Қазақстан арқылы Түркияға кетпек болып, Астана әуежайында қалып қойған Шешенстан тумасы Зелимхан Мұртазов Арменияға ұшып кетті. Адвокат Рена Керимованың сөзінше, ол Ереван қаласына Ресейдің ішкі төлқұжаты арқылы шығып кеткен.

– Оның шетелге шығу паспортын Түркияда алып қойған. Бірақ Ресейдің өз ішіндегі төлқұжаты болды. Біз Ереванға тікелей ұшақ рейсінің ашылғанын күттік. Ол енді ғана ашылды. Сол арқылы ұшып кетті. 20 сәуірге дейін тікелей рейс болмады. Ішкі төлқұжатпен транзит арқылы ұша алмады, – дейді адвокат.

37 жастағы Зелимхан Мұртазов былтыр қазан айында Қазақстанға Украинадағы соғыстан қашып келген. Осында бірнеше ай тұрып, кейіннен Түркияға ұшып барған. Бірақ оны әуежайда ұстап, паспортының жалған екенін айтып, Астанаға қайтарып жіберген. Сол уақыттан бері ол әуежайдағы транзиттік аумақта өмір сүруге мәжбүр болған. Қазақстанның шекара қызметі "ұлттық қауіпсіздік" себептерімен Мұртазовты елге кіргізбеген.

Зелимхан Мұртазов екі жыл Украинаға қарсы соғысқа қатысқан. Ол “Ахмат” жасағымен келісімшат жасасқан. «Кавказ. Реалий» басылымына берген сұхбатында соғысқа баруға мәжбүр болғанын, бауырлары үшін келісімшарт жасасқанын айтқан. Бірақ «соғыста ешкімді өлтірмедім» деген.

– Бізге «Отбасынан бір адам барса, қалғандарына тиіспейміз» деп айтты. Менің інілерім бар, маған ашық түрде «Егер мен бармасам, соларды алып кететінін» айтты. Бұл – бопсалау болды. Сондықтан оларды қорғау үшін келісімшартқа өзім қол қойдым, – деген ол басылымға берген сұхбатында.

Cондай-ақ Зелимхан Мұртазов Ресейге депортацияланған жағдайда өміріне қауіп төнетінін айтқан.

– Егер мені кері жіберсе, мен жай ғана жоқ боламын. Алдымен азаптайды, кейін өлтіреді. Мен бұған сенімдімін, – деген ол.

Рена Керимованың сөзінше, Зелимхан Мұртазовқа Ресей аумағында іздеу жарияланған.

– Мен бас прокуратураға адвокаттық сауал жолдадым. Маған келген жауапта оған шын мәнінде Ресейде әскери қызметтен қашу, дезертирлік бап бойынша іздеу жарияланғаны туралы жазылған, – дейді адвокат.

Зелимхан Мұртазовтың кейсімен айналысқан құқық қорғаушы Гүлмира Қуатбекованың сөзінше, Қазақстан билігі Мұртазовты ел аумағына кіргізбесе де, оған үшінші елге шығып кетуге мүмкіндік берген.  

– Бұл жерде Қазақстан оған басқа қауіпсіз елге шығуға мүмкіндік беріп отыр. Еліне депортация жасамады. Бұның өзі оң шешім деп айтуға болады, – дейді ол.

Құқық қорғаушы Ресейден соғыстан қашқан немесе Ауғанстаннан бас сауғалап келген босқындардың көбісі Қазақстанды транзиттік ел ретінде қарастырады дейді. Сөзінше, олар Қазақстан арқылы үшінші елдерден босқын мәртебесін алып, гуманитарлық виза арқылы шығып кетуді көздейді.