«Әкім ретінде ұнайды»: желіде Нәлібаев туралы не жазылып жатыр

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызметінен босатылып, премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалған тұста әлеуметтік желіде оны мақтаған жазбалар көбейді. Бір қызығы бұл жазбалар бір-біріне өте ұқсас. Қазақстанда саяси науқан кезінде немесе қандай да бір оқиғаға қатысты «жағымды» жазба жариялау науқаны бұған дейін де  болған. Ulysmedia тілшісі осыған байланысты кейбір жазба авторларына хабарласып, пікірлерін біліп көрді.

ТАҒАЙЫНДАУ

Бүгін, 6 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

– Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

МАҚТАУ ПОСТТАРЫ

Осыдан кейін әлеуметті желіде Нұрлыбек Нәлібаевты мақтаған жазбалар көбейді. Facebook желісінде жарияланған жазбаларда оның Қызылорда облысында әкім болып тұрған уақытта атқарған жұмысы туралы айтылған. Сондай жазбалардың бірін блогер Оңғар Қабден жазды. Ол жазбасында «Нұрлыбек Нәлібаевтың бірінші вице-президент қызметіне тағайындалуы – өңірлік басқару мектебінің бағалануы» деді.

Блогердің жазуынша, әкімнің жұмысы «мектеп, жол, қала тазалығы, аурухана, су, газ, электр жарығы және инвестиция тарту» төңірегінде бағаланады.

– 2022 жылдан бері облыста 43 білім беру нысаны салынды. 10 жаңа мектеп 6900 орынға ашылды. 9 мектепке қосымша ғимарат салынды. Үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді. 2022-2025 жылдары 1238 құрылыс жобасы жүзеге асты. Оның 103-і әлеуметтік нысан, 1014-і тұрғын үй, 121-і инженерлік инфрақұрылым. Бұл — өңірдің үлкен құрылыс алаңына айналғанын көрсетеді. Инвестицияға келсек, соңғы үш жылда шамамен 1,6 трлн теңге тартылған. Инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 250 пайызға артқан. Жеке инвестиция үлесі 72 пайызға жеткен. Мұның бәрі әкімнің орталықпен де, инвестормен де, жергілікті жүйемен де жұмыс істей алғанын көрсетеді, – деп жазды Оңғар Қабден.

Журналист Айбар Олжаевтың да посты Оңғар Қабденнің жазбасымен үндес. Ол да Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмысын мақтап, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты көрсеткіштермен бөліскен.

– Соңғы жылдары облыс бюджеті 809 млрд теңгеге жетті. Даму бюджеті 47 млрд теңгеден 202 млрд теңгеге дейін өсті. Өңір экономикасына үш жылда 1,6 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 250 пайызға артты, – деді журналист жазбасында.

Ulysmedia тілшісінің көзіне түскен тағы бір жазба – блогер Сәбит Рысбаевтың посты. Ол да Facebook желісіндегі парақшасында Нұрлыбек Нәлібаевқа арнап жазба жариялаған. Оның посты да Оңғар Қабден мен Айбар Олжаевтың жазбаларына ұқсас. Тіпті сөйлемдеріне дейін үндес.

– Қазір елге осындай кадрлар керек. Себебі халық үлкен сөзден шаршады. Халыққа мектеп керек. Жол керек. Жұмыс керек. Ыстық су керек. Таза қала керек. Инвестиция керек. Баласына спорт кешені керек. Қызылордада соңғы жылдары осы бағытта нақты жұмыс болды. Облыс бюджеті 809 млрд теңгеге жетті. Даму бюджеті 47 млрд теңгеден 202 млрд теңгеге дейін өсті. Соңғы үш жылда 1,6 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Тек 2025 жылы 774 млрд теңгеден астам инвестиция келген, – дейді ол постында.

ЖАЗБА АВТОРЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Ulysmedia тілшісі жазба авторларына хабарласып, бірыңғай мақтау сарынындағы жазбаларына қатысты пікірлерін біліп көрді.

Блогер Оңғар Қабден Нұрлыбек Нәлібаевқа қатысты жазбасын ешкімнің нұсқаусыз, ақысыз жазғанын айтты. Оның сөзінше, экс-әкімнің жұмысы оған бұрыннан бері ұнайды. Сол себепті осындай жазба жариялаған.

– Жалпы маған әкім ретінде Нұрлыбек Нәлібаев ұнайды. Жұмыс істегені, іскерлігі, менеджерлігі. Оны мен былтыр Қызылордаға барғанда да көрдім көзіммен... Сандарды да сол үшін келтірдім ғой, қаншалықты Қызылордаға еңбек сіңіргендігін. Қызылордалықтардың өздері ренжіп жатыр, бекер әкетті бізден деп, – деді ол.

Оңғар Қабден әлеуметтік желіде жарияланған жазбалардағы сөйлемдердің бірдей болуына қатысты сұраққа: «Бір-бірінен ой алатын шығар, ұрлайтын шығар», – деп жауап берді.

Блогер Сәбит Рысбаев та Нәлібаевты мақтаған жазбасы үшін ешқандай ақы алмағанын айтты. Ол да сөйлемдердің ұқсас болуын әлеуметтік желідегі трендтермен байланыстырды.

– Әлеуметтік желі деген бір толқын ғой. Қазір бір нәрсе кетеді. Ертең тағы бір нәрсе кетеді деген сияқты, – деді блогер.

Ал журналист Айбар Олжаев постына қатысты пікір бере алмайтынын айтты.

Айта кететін бір жайт, 2023 жылы сәуірде әлеуметтік желіде Астанаға барып, тұрақты жұмыс талап еткен жаңаөзендік мұнайшыларды қаралаған жазбалар көбейіп, оның арты дауға ұласқан. Сол уақытта Айбар Олжаевтың да аты аталған. Ол желіде жарияланған жазбасына байланысты «Азаттық» радиосына берген жауабында постты тапсырыспен жазғанын ішінара мойындаған. Бірақ «тапсырысты кім берді?» деген сұраққа «келісімшарт құпиясы» деп жауап бермеген.

– Біздегі идеология мектебі әлі бастауыш сыныптан шықпады және детальдармен жұмыс істеу бойынша олқылықтар бар. Түптің түбі біз ашықтықтан, транспаренттіктен өзге жол жоқ екенін түсінеміз, қазір соған келе жатырмыз. Мен Facebook коммуникациясы бойынша әріптестік негізде жұмыс істеймін және міндетті «маркировка» қағидасын ұстанамын. Оның ішінде саяси пиар бойынша шарт та болған, бірақ бұл тәжірибе маған ұнамады. Себебі тараптар оған әлі дайын емес, − деген сол уақытта Айбар Олжаев Азаттық радиосына.

Жалпы, бұл Нұрлыбек Нәлібаевтың жаңа қызметке тағайындалуына байланысты әлеуметтік желіде жарияланған посттардың бір сыпырасы ғана. Осы сарында Facebook желісінде жарияланған жазбалар өте көп.

49 жастағы Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың сәуірінен бастап Қызылорда облысының әкімі болып қызмет атқарды. 2021 - 2022 жылдар аралығында Қазақстан премьер-министрі кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болған. Ол мемлекеттік қызметке 2005 жылы келген.