Қазақ ән өнерінің шежіресіне айналған композитор, жазушы әрі музыка зерттеушісі Ілия Жақанов 90 жасқа толды. “Жайлаукөл кештері”, “Асылым”, “Алматы кешінде” секілді халық жүрегінен орын алған әндердің авторы бүгінде де шығармашылықтан қол үзбей, қоғам өміріне қатысты пікірін ашық айтып келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨМІР ЖОЛЫ
Ілия Жақанов 1936 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолында ҚазССР Министрлер Кеңесінің теледидар және радио жөніндегі мемлекеттік комитетінде әдеби редактор, кейін Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор қызметтерін атқарды. Ұзақ жылдар бойы қазақ музыкасы мен өнеріне қатысты хабарлар дайындап, ұлттық мұраны насихаттауға үлес қосты. Қазіргі кезде еркін шығармашылықпен айналысады.
ХАЛЫҚ СҮЙГЕН ӘНДЕРДІҢ АВТОРЫ
Ілия Жақанов – қазақ эстрадасы мен лирикалық ән өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған композитор. Оның әндері бірнеше буын тыңдармандарының жүрегінен орын алды.
Көпшілікке кең таралған әндері:
Бұл шығармалар нәзік лирикасымен, ұлттық әуезімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, Ілия Жақанов қазақтың сал-сері, әнші-композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттеуге үлкен еңбек сіңірді. Ол қазақ өнерінің ірі тұлғалары туралы деректі еңбектер жазып, олардың мұрасын жаңғыртты.
Зерттеген өнер иелері қатарында Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ сынды тұлғалар бар.
Жазушының музыка мен өнер тақырыбындағы еңбектері қазақ әдебиеті мен мәдениеттануында ерекше орын алады. Әр жылдары “Қайта оралған ән” (1968), “Хош бол, вальс” (1969), “Бірінші концерт” (1971), “Екі жирен” (1976) сынды кітаптар жазды.
Сондай-ақ қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас Дүкенұлы туралы “Ықылас” романы алғаш “Кертологоо” атауымен 1989 жылы қырғыз тілінде жарық көріп, кейін қазақ тілінде басылып шықты.
МЕРЕЙТОЙ ҚАЛАЙ АТАЛЫП ӨТТІ?
Жазушының мерейтойы жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп жатыр. Бүгін Атыраудағы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында кеш өтеді. Оған қазақ эстрадасының жарқын өкілдері қатысып, Ілия Жақановтың әндерін шырқайды.
Бұған дейін Алматыдағы Ұлттық кітапханада, Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада жазушының мерейтойына арналған кештер өткен болатын. Осылайша, 90 жасқа толған мерейтой иесінің шығармашылығы қазақ мәдениетінің қазынасында ерекше орын алды.
ЖАЗУШЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?
Ілия Жақанов Facebook желісінде белсенді. Әр кездесу мен кешті салып, қоғамдағы оқиғаларға өз пікірін жазудан шаршаған емес.
Тоқсаннның тұғырына жеткен абыз қарияның сөзі де, қозғалысы да ширақ екенін бейнежазбалардан байқауға болады.
Жақында дүниеден озған Мұхтар Шаханов пен Асанәлі Әшімовке де жазба арнапты.
– Егіздің сыңарындай болған Асанәлі....Асеке, сен қайда кеттің?! Мен қайда қалдым?! Екеуіміз Байқадамның мектебінде 8 класта бірге оқыған түлек едік. Көп хикаяны айтып керегі не?! Бүкіл өміріміз бірге өтті ғой. Бәрі көз алдымда. Бәрі есімде. Сен қазақтың театр және кино өнерінде бір халықтың ғана ұлттық мақтанышы болған жоқсың, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлғалардың бірі ғана емес бірегейі болдың. Көп айт, аз айт, сенің мына кетісің ұлы даланы тітіреткен ұлттық қайғыға айналды, қабырғамызды сөгіп. Халқыңа сүйікті болғанға не жетсін, жалғыз мен ғана емес, елің жоқтап отыр. Тағыда да не дейін, өкінішпен бітетін жазмыш ісіне дауа жоқ екен. Сені сағынышты көңілмен жоқтай жүрерміз,– деп жазды досы туралы естелікті.