«Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» Статком даулы сұраққа қатысты жауап берді

Мөлдір Бақыт

Әлеуметтік желілерде осы сауал төңірегінде пікірталас туды

Фото: ашық дерек көзінен

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл сұрақ онлайн санақ кезінде қойылатын сауалдар қатарына  еуропалық мамандардың ұсынысымен қосылған.

“Әлеуметтік желілерде «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?» деген сауал төңірегінде пікірталас өрбуде. Атап өтерлігі, аталған сұрақ Еуропалық статистер конференциясының ұсынысымен қосылған болатын. Әйелдердің тірі туған балалары жөніндегі сауал соңғы 50 жыл ішінде Халық санағын өткізу кезенде кеңінен қолданылып келген”,- делінген ресми жауапта. 

 

Бюроның мәліметінше,  2021 жылы тірі туған балалар жөніндегі сауалдар дүниеге келген сәбилердің жынысы мен санақ өткізгенге дейінгі соңғы туған нәрестенің туған күнін анықтауға арналған нақтылаушы сұрақтармен толықты. Оларға берілген жауап кейін нәресте өлімі көрсеткішін баланың жынысына қарай терең талдауға қолданылады.

“Тірі туған балалар туралы сауал салу туу көрсеткіші туралы маңызды деректерді алуға жол ашады. Көп жағдайда мұндай мәліметті басқа жерден, тіпті азаматтық хал-ахуал жағдайын тіркеу жүйесі дамыған болса да алу мүмкін болмайды. Атап өтерлігі, бұл сұраққа тек қана репродуктивті жастағы әйелдер ғана жауап бермейді. Алынған мәліметтер әр кезеңдегі туу және нәрестелер мен балалар өлімі тенденциясын салыстыру және бағалау үшін қажет”,- деп тарқатады ресми орган.