Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш ашылды

Мөлдір Бақыт

Бүгін елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында даңқты палуан, әлем, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ескерткіш Ж.Үшкемпіров атындағы Jekpe-Jek сарайының алдына орнатылды. Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Жақсылық Үшкемпіровтің отбасы мен жақындары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, спортшылар қала тұрғындары қатысты.

«Жақсылық ағамыз тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Өздеріңіз білесіздер, арнайы жаңадан салынған Жекпе-жек спорт кешеніне Жақсылық ағамыздың есімі берілді. Болашақта өзіміздің жас балуандарымыз, спортшыларымыз, болашақ Олимпиада чемпиондары, ағамыздың ізбасарлары көп болады деген ойдамыз және бұған ешқандай күмәніміз жоқ. Ол ұзақ жылдар бойы ел спортын дамытуға өлшеусіз қызмет етіп, орасан жетістіктер әкелді. Жас ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиеледі, талай дарындардың бағын ашты, көптеген игі істердің ұйытқысы бола білді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Жақсылық Үшкемпіров ескерткішінің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 7,5 метр. Авторы – Ербол Зиябеков.