Бүгін түрмеден шығатыны хабарланған саяси диссидент, ақын Арон Атабек Алматыға ұшып келді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Алматы халықаралық әуежайына Арон Атабекті күтіп алуға біршама адам жиналды. Олардың арасында белгілі оппозиционерлер, журналистер мен туған-туыстары бар. Бұл туралы әлеуметтік желі қолданушылары бөлісіп жатыр.
Жиналғандарға Арон Атабекті бірден жедел-жәрдеммен ауруханаға алып кететіні хабарланған. Көпшілік күткен Арон халық алдына шықпады. Ақынның қызы Алма әкесін бірден жедел-жәрдем көлігімен алып кеткенін мәлім етті.
Айта кетсек бүгін Павлодар қаласының №2 соты Арон Атабектің науқастануына байланысты бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысы қараған болатын. Сот шешімімен Аран Атабектің бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеу жазасына ауыстырылды.
Арон Атабек — қазақстандық оппозиция жетекшісі, ақын, публицист, саяси белсенді. Шаңырақ ықшам ауданында «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, полицияны өлтірді, сондай-ақ тұтқында кепілгер ұстады» деген айыппен 2006 жылы қамалған болатын. Арон Атабектің полицейдің өліміне кінәсі дәлелденбеді. Соған қарамастан 2008 жылдың 5 қазанында Алматы қалалық соты Аронды 18 жылдық қатаң режимге соттады. Сот шешімі бойынша оны бостандығынан айыру уақыты 2006 жылдың 17 шілдесінде басталып, 2024 жылдың 16 шілдесіне дейінгі аралық есептелген.